АРАЛ АУДАНЫ АКЦИЯҒА ҮН ҚОСТЫ
Қызылорда облысы, Арал аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Руханият орталығында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге қала мектептері мен балабақшаларының бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағалары мен кәсіподақ мүшелері, сонымен қатар аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Махамбетова Қанағат Әбдіхалыққызы, «Отбасын қолдау» орталығының бөлімше басшысы Махмұд Жақсылық қатысты.
Дөңгелек үстелді аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жұмабай Мирманов ашты. «Жас толқын» кәсіподақ жастар қанатының жетекшісі Қырықбай Ұзақбайұлы қазіргі қоғамда өте өзекті болып отырған әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық түйткілдері жайлы баяндама жасап, «Цифрлық зорлық-зомбылық» деген ұғымға қысқаша анықтама беріп өтті.
Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Қанағат Әбдіхалыққызы цифрлық зорлық-зомбылықтың түрлеріне кеңінен тоқталып, күнделікті өмірден жиі кездесетін мысалдар келтірді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жеке бас ақпараттарына мұқият болу қажеттігіне баса назар аударып, виртуалды әлемде алаяқтар мен басқа да қылмыскерлерден қорғану жолдарын атап өтті. Дөңгелек үстел тақырыбы аясында баяндама жасаған Гүлмира Нұртуғанқызы зорлық-зомбылық салдарынан туындайтын мәселелерге кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде «Отбасын қолдау» орталығының бөлімше басшысы Жақсылық Жұмабайұлы жалғызбасты және жәбірленуші әйелдерге өзі қызмет ететін орталық ұсынатын көмек түрлерімен таныстырды.
Жиын соңына қарай сөз алған дөңгелек үстел қатысушылары іс-шара барысында түйген ойларын ортаға салып, спикерлерге құнды мәліметтер үшін алғысын білдірді. Жиынды қорытындылаған Жұмабай Әмірханұлы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің маңыздылығын тағы да бір атап өтіп, қатысушыларды қоғамдағы зорлық-зомбылық көріністеріне бейжай қарамауға шақырды.