ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Ақтөбеде Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Жастар кеңесі «Кәсіподақ жастары» клубының жыл қорытындысын өткізді. Іс-шара шеңберінде ауданның жас педагогтары бас қосып, «Жас ұстаз – табысқа апарар жол» тақырыбында кәсіби даму мен тәжірибе алмасуға бағытталған семинар ұйымдастырыды.
Жиында Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Қуанышкерей Ибраев жас мамандарға қолдау білдіріп, ұстаздық жолдың маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде Қобда аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Даржанов жас ұстаздарға тың серпін беретін мұндай жиындардың білім сапасын арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.
Семинар барысында жас педагогтар тәжірибе алмасып, әдістемелік тиімді тәсілдер, оқушылармен жұмыс жүргізудің заманауи әдістері, кәсіби өсудің жаңа мүмкіндіктері талқыланды.
Іс-шара аясында «Кәсіподақ жастары» клубының қорытынды отырысы өтіп, жыл бойы белсенділік танытқан, аудан, облыс және республика деңгейінде үздік көрсеткіштерге қол жеткізген жас мамандар марапатталды. Оларға кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімі тарапынан алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Бұл марапаттар аудан жастарының еңбегіне берілген лайықты құрмет. Осындай кездесулер жас педагогтардың өз мүмкіндігін ашуға, кәсіби тұрғыда шыңдалуға үлкен серпін береді.