«ЖАС ҰСТАЗ: ТАБЫСҚА АПАРАР ЖОЛ»
Қызылорда облысы, Шиелі ауданында кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен ауданның жас педагогтеріне арналған «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» тақырыбында ауқымды форум өткізді.
Форумның негізгі мақсаты – жас ұстаздарға кәсіби қолдау көрсету, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру және ашық диалог алаңын ұйымдастыру арқылы олардың кәсіби дамуына серпін беру.
Форумның ашылу салтанатында Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы Насибеков Дәуренбек Ердібекұлы жас педагогтерге сәттілік тілеп, мұғалім мәртебесінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ облыстық білім кәсіподағы ұйымының төраға орынбасары Утегенова Нұргүл Сабырқызы сөз алып, ауданның білім саласы жастарының үнемі белсенділік танытып, алдыңғы қатардан көрініп жүргендігін айта отырып, әрдайым кәсіподақ ұйымының қолдайтынын, қолдауға дайын екендігін жеткізді.
Форум аясында республикаға танымал, үздік нәтижелерге қол жеткізген педагогтер мотивациялық TED TALK форматында өз тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлер жас ұстаздарға кәсіби жолдағы табандылық, үздіксіз даму мен жаңашылдықтың маңызын нақты мысалдар арқылы жеткізді.
«Ойла. Жаса. Қолдан. Жасанды интеллектпен бірге» тақырыбындағы тәжірибелік сессиялар А және В блоктарда ұйымдастырылды.
Қатысушылар:
• жасанды интеллектті сабақта қолдану;
• инновациялық цифрлық трансформация;
• олимпиадалық дайындықтың жаңа модельдері;
• кәсіби конкурстарға дайындық картасы
сияқты өзекті бағыттар бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.
Форумның екінші бөлігінде қатысушылар үшін командалық сайыстар, зияткерлік ойындар мен сергіту жаттығулары ұйымдастырылып, жас ұстаздардың бірлігі мен көшбасшылық қабілеттері нығая түсті.
Форум соңында қатысушылар кері байланыс жасап, алған әсерлерімен бөлісті. Бұл алаң жас педагогтер үшін шабыт пен жаңа идеялардың бастауы болды.
«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумы – жас мамандардың кәсіби дамуына бағытталған маңызды қадам, тәжірибе мен мотивация тоғысқан тағылымды алаң болды.
-
Фотографии
-