ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІНІҢ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына қарасты Тараз қалалық кәсіподақ комитеті өңірдегі ең ірі ұйымдардың бірі. Қазіргі таңда комитет құрамындағы 141 бастауыш кәсіподақ ұйымында 16 103 кәсіподақ мүшесі еңбек етеді.
Осы ретте, Тараз қаласындағы №66 орта мектеп базасында өткен қалалық кәсіподақ комитетінің ІІІ пленумы «Жұмысшы мамандықтар жылы: жұмысшыларға лайықты еңбек ақы алуға ықпалдасып, ұжымда еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілету» тақырыбында ұйымдастырылды. Іс-шараға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, мүшелері қатысты.
Пленумда қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ирина Костина Ұжымдық шарт аясында жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Оның айтуынша, кәсіподақ мүшелері көтерген бірқатар мәселе оң шешімін тапқан. Атап айтқанда, Ұжымдық шарт шеңберінде кітапханашылардың лауазымдық жалақысына 30 пайыз, іс жүргізушілер мен хатшылардың, сондай-ақ мектеп автобус жүргізушілерінің еңбекақысына 50 пайыз қосымша ақы төлеу 2025 жылдың басынан бастап жүзеге асырылған.
Сонымен қатар 2025 жылғы 20 қаңтардағы қосымша келісімге сәйкес 141 білім беру ұйымындағы мұрағаттық құжаттарды сақтауға жауапты мұрағатшыларға 50 пайыздық үстеме ақы белгіленген. Сондай-ақ баяндамада заң көмегі, жұмыс уақыты, демалыс және еңбек жағдайлары, әлеуметтік қолдау мен сауықтыру шаралары бойынша атқарылған жұмыстар қамтылды.
Жарыссөз барысында Тараз қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлбану Малибекова қалалық кәсіподақ комитетінің он алты мыңнан астам қызметкердің еңбек құқықтарын қорғаудағы жұмысына оң баға берді. Оның айтуынша, білім саласында көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Ал №17 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектеп директоры Сәбит Кенесариев өз мекемесінде Ұжымдық шарт аясында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
Биыл наурыз айында қалалық кәсіподақ құрамына Жамбыл және Байзақ аудандарынан 21 бастауыш кәсіподақ ұйымы қосылған. Солардың атынан Амангелді атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Жакипов сөз сөйлеп, ауылдық жерде төленіп келген 25 пайыздық үстеме ақының сақталуына Жергілікті кәсіподақтың араласуы нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты.
– Ауыл мектебінен қала мәртебесіне өту барысында үстеме ақыдан айырылу қаупі туындады. Алайда, мәселе облыс және республика деңгейінде көтеріліп, 25 пайыздық үстеме ақы екі жылға сақталды. Қазіргі таңда бұл төлем 1 қыркүйектен бастап берілуде, – деді ол.
Сондай-ақ Пленумда №17 бөбекжай-бақшасының тәрбиеші көмекшісі Ирина Репная мен Оқушылар сарайының іс жүргізушісі Бәдім Тоқан кіші қызметкерлерге жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу мәселесін көтерді.
Пленум қорытындысында сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков көтерілген ұсыныстар мен сұрақтарға жауап беріп, еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуы кәсіподақ жұмысының басты бағыты екенін атап өтті.
Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласты.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-