БІЛІМ БЕРУДЕГІ ДАМУ МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Білім беру саласында даму мен жаңашылдыққа бет бұру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Ұстаздардың кәсіби шеберлігін арттыру, жас мамандарды қолдау және заманауи білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу – білім беру ұйымдарының негізгі бағыттарының қатарында. Осы мақсатта жүйелі түрде ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар педагогтердің өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық ізденісін дамытуға және кәсіби тұрғыда өсуіне кең мүмкіндіктер беруде.
Осы орайда, Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицейінде жас мамандарға арналған «Оқытудағы инновациялық технологиялар мен әдістер: мұғалім тәжірибесі» тақырыбында мектепішілік семинар болып өтті. Семинарға мектептегі жас мамандар, оқу ісі жөніндегі орынбасарлар және пән мұғалімдері қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – білім беру үдерісінде инновациялық әдістерді тиімді қолдану және функционалдық сауаттылықты дамыту жолдарын қарастыру болды.
Семинар барысында директордың инновация ісі жөніндегі орынбасары Д.Хашимова «PISA зерттеулері аясында оқушылардың жаратылыстану пәндерінен функционалдық сауаттылығын дамыту» тақырыбында тренинг өткізіп, мұғалімдерге тәжірибелік тапсырмалар ұсынды. Биология және химия пәні мұғалімдері Ф.Эрметова мен Ф.Абдусаттарова «Оқытудың заманауи құралдары – қазіргі мектептер үшін жаңа серпін» тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллект платформаларын сабақта тиімді пайдалану жолдарын көрсетіп, тапсырмалар орындатты. Сонымен қатар, қазақ тілі пәні мұғалімі М.Абубакирова «Оқушылардың оқу сауаттылығын арттырудың тиімді жолдары» тақырыбында баяндама оқып, оқу сауаттылығын дамытуға бағытталған тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды.
Семинарды қорытындылаған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Д.Азизова жас мамандарға сабақ барысында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға арналған тапсырмаларды жүйелі қолдану, жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы пәнге қызығушылықты күшейту және оқушылардың цифрлық құзыреттілігін дамыту қажеттігін атап өтті. Семинар мазмұнды, тәжірибеге бағытталған және жоғары деңгейде өтті деп бағаланды.
-
Фотографии
-