ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – ұлттың болашағын қалыптастыратын, әрбір шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбиенің алғашқы дәнін егетін қасиетті мамандық иесі. Осындай биік міндетті абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – Ырғыз ауданы «Аққайың» бөбекжай-бақшасының музыка жетекшісі Бақтыбаева Қалдыгүл Жақсылыққызы.
Қалдыгүл Бақтыбаева еңбек жолын «Аққайың» балабақшасында музыка жетекшісі болып бастап, сол күннен бастап бүгінге дейін жас ұрпақ тәрбиесіне адал қызмет етіп келеді.
Білім беру саласында 29 жылға жуық еңбек өтілі бар, «Педагог-зерттеуші» санатына ие тәжірибелі маман әріптестері арасында сыйлы, өз ортасында абыройлы ұстаз ретінде танылған. Қалдыгүл Бақтыбаева ән мен әуенді баланың шығармашылық ой-өрісін кеңейтетін, рухани дүниесін байытатын қуатты құрал ретінде қолдана отырып, бүлдіршіндердің өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастырып келеді.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі оның жетістіктерінен де айқын көрінеді. Қалдыгүл Жақсылыққызы «Alem Science» халықаралық ғылыми журналы ұйымдастырған «Үздік мақала» номинациясы бойынша I орынға ие болып, «Балабақшадағы музыкалық тәрбие құндылықтары» тақырыбындағы еңбегі үшін сертификатпен марапатталған. Сонымен қатар, «Жұлдыз» продюсерлік орталығының Құрмет дипломы, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Үздік ашық сабақ» байқауының II дәрежелі дипломы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаты және өзге де марапаттар – ұстаз еңбегінің жоғары бағаланғанының дәлелі.
Педагогтың авторлық еңбектері де білім беру саласына тың серпін беріп отыр. «Мектеп жасына дейінгі балалардың эстетикалық дамуын жетілдіру», «Салт-дәстүр – асыл қазынам» әдістемелік құралдары, халықаралық журналдарда жарияланған мақалалары әріптестеріне тәжірибелік көмек көрсетіп келеді.
Қалдыгүл Жақсылыққызы – өнер арқылы тәрбие беріп, жас ұрпақтың рухани дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан, өз ісінің нағыз шебері, өнегелі ұстаз.