40 ЖЫЛДЫҚ МҰҒАЛІМДІК ЖОЛ
Мектеп мұғалімнен басталады. Ал, білім табалдырығында балаларды қарсы алатын адам – бастауыш сынып мұғалімі. Ол жай ғана мұғалім емес, ол шәкірттерінің тәлімгері, досы, психологы және екінші анасы.
Сондай ұстаздардың бірі Бестерек орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі - Қосанова Камила Махметқызы. 1981 жылы Щучинское педагогикалық училищесіне бастауыш сынып мұғалімі бөліміне түсіп, оқуын аяқтап, 1985 жылы Тұғыржап негізгі мектебіне бастауыш сынып мұғалімі ретінде жұмысқа орналасқан. Мектепке барған алғашқы күннен бастап балалардың оқуға деген сүйіспеншілігін оятып, коммуникативті дағдыларды қалыптастырып, жауапкершілік пен мейірімділікке баули бастаған.
2013 жылы Талшық орта мектебінде 1 жылдай әлеуметтік педагог болып жұмыс атқарып, 2014 жылы Бестерек орта мектебінде тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде жұмыс істеген. Осы жылдары тәрбие ісіне көп өзгерістер енгізіп, әр оқушы мен ата-аналары арасында жылы қарым-қатынас орната алды. 2021 жылдан бастап Камила Махметқызы Бестерек орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып жүр.
40 жылдан астам ұстаздық тәжірибесі бар Камила Махметқызының сабақтары әрқашан қызықты, жанды және мазмұнды. Ол - дәстүрлі әдістер мен заманауи тәсілдерді шебер үйлестіре отырып, оқытуды тиімді ғана емес, сонымен қатар тартымды ете білген, ата-аналарға көмектесуге, ақыл-кеңестерін беруге және қиын уақытта балаларына қолдау көрсетуге әрқашан дайын ұстаз.
Бастауыш сынып мұғалімі бағбан сияқты кішкентай көшеттерді өсіріп, оған жанының бір бөлігін құйып отырады. Мұның бәрі - махаббатпен, шыдамдылықпен және мейірімділікпен іске асатыны белгілі.