БАЛАЛАР ИНКЛЮЗИВТІ АКАДЕМИЯСЫ АШЫЛДЫ
Желтоқсанның жиырма үші Маңғыстау облысының Шетпе ауылы, ең бастысы - ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін тарихи күн болды. «Балалар инклюзивті академиясы» ресми түрде өз есігін айқара ашты.
Бұл бірнеше жылдық күрес пен сенімнің, табандылық пен төзімнің жеңісі. Бұл жоба Алматы қаласындағы мектептің, қоғамдық бірлестіктің директоры Нұрым Нұрғалиұлының қолдауы мен демеушілігінің аясында жабдықталған мектеп.
Салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау ауданы әкімі орынбасары Т.Алтынғалиұлы, аудандық маслихаттың төрағасы Е.Махмутов, «Аманат» партиясы Маңғыстау аудандық филиалының төрағасы Ш.Барахатов , аудандық білім бөлімінің басшысы А.Тұржанова, қоғам белсенділері, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиында сөйлеген әрбір жан бұл білім ордасының маңызын ерекше атап өтті.
Шетпеде тұңғыш рет ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналып ашылған тегін бастауыш мектеп. Ашылу салтанатының ең әсерлі сәттерінің бірі-екі әріптесіміздің балаларға арнап дайындаған сыйлықтарын табыстауы болды. Ол Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақниязова Рыскүл Түзелбайқызы мен Әбіш Кекілбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің математика пәні мұғалімі Рабиға Серіктің балаларға тамаша тартуы еді.
Осындай қамқорлық пен ізгі ниет ерекше балаларға күш-қуат беріп, олардың болашаққа деген сенімін арттыра түсті. Жақсылықтан басталған әрбір іс баланың жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Бір кездегі ескі ғимарат балаларға қауіпсіз, жарық әрі білім сыйлайтын ордаға айналғанына шын қуандық. Мұнда білім беру ғана емес, баланың қоғамға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруға жағдай жасалған. Енді ерекше балалар үйде тұйықталып отырмайды. Олар да өзге балалар сияқты таңертең сөмкесін асынып, мектеп табалдырығын аттайды. Олар да білім алады, армандайды, алға ұмтылады.
Ашылу салтанатында ата-аналардың жүзінен қуаныш пен үміт қатар сезілді. Баласының болашағына алаңдап жүрген ата-аналар үшін бұл мектеп-үлкен демеу, нақты мүмкіндік болатыны айқын. «Балалар инклюзивті академиясы»-қайырымдылықтың ғана емес, қоғамның өркениеттілігінің айғағы. Ерекше балаларға жағдай жасау-мейірімнің ең биік көрінісі.Бүгін ашылған мектеп-ертеңгі жарқын болашақтың бастауы.
Барша қолдаушыларға балалар мен ата-аналардың атынан алғысымыз шексіз.
К.Саржанова,
Маңғыстау ауданы, Ә.Кекілбайұлы атындағы мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы