АҚТӨБЕДЕ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАНЫП, АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының 2025 жылдың қорытындысы бойынша есеп беру жиыны өтті. Жиынға аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, әлеуметтік әріптестер, білім саласының басшылары мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Жиында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова есеп беріп, өткен жылда атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге жан-жақты тоқталды. Облыстық ұйым көшбасшысының айтуынша, 2025 жыл кәсіподақ ұйымы үшін мазмұны терең, жауапкершілігі жоғары әрі нәтижелі кезең болды. Басты назар білім және ғылым саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстық кәсіподақ ұйымында 33 540 мүше бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда артқанын көрсетеді. Құрамында 12 аудандық, 2 қалалық және 618 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Жұмыс істейтін кәсіподақ мүшелерінің үлесі 93,8 пайызды құрайды. Сонымен қатар мүшелердің 27,3 пайызы — 35 жасқа дейінгі жастар болса, 71,1 пайызы — әйел азаматшалар.
Кәсіподақ ұйымы әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Облыстық білім басқармасымен жасалған 2024–2026 жылдарға арналған салалық және облыстық келісімдердің орындалуы тұрақты бақылауда ұсталды. Нәтижесінде еңбек қатынастарын реттеу, педагогтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету және еңбек жағдайын жақсарту мәселелері тиімді шешімін табуда. Өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік әріптестік аясындағы түсіндіру жұмыстары күшейіп, жұмыс берушілер тарапынан келісім талаптарының орындалуы арта түсті.
Сонымен қатар кәсіподақ мүшелеріне тегін құқықтық көмек көрсету басты бағыттардың бірі. 2025 жылы 3608 құқықтық кеңес беріліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жоғарылаған. Келісу комиссиясына жүгінуге байланысты өтініштер саны да артқан. Осы жұмыстардың нәтижесінде кәсіподақ мүшелеріне 79 миллион теңгеден астам заңсыз ұсталған немесе төленбеген қаражат қайтарылды.
Еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау аясында облыс бойынша 276 білім беру ұйымында тексерулер жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда тексерілген ұйымдар саны артқан. Анықталған бұзушылықтар жойылып, еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар берілді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері де кәсіподақ назарынан тыс қалған жоқ. Білім беру ұйымдарында өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлар жүйелі түрде жұмыс атқарды. Сонымен қатар осы бағытта семинарлар мен оқыту шаралары ұйымдастырылып, қызметкерлердің құқықтық және қауіпсіздігі бойынша білімі артты.
Айта кетейік, кәсіподақ ұйымы мүшелерін әлеуметтік қолдау, сауықтыру және демалысын ұйымдастыру бағытында да белсенді жұмыс жүргізді. 2025 жылы 2139 кәсіподақ мүшесі шипажайларда емделіп, сауықтыру шараларымен қамтылды. Сонымен қатар тарихи-танымдық саяхаттарға 946 педагог жіберіліп, бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кеңейе түсті.
Әйелдер және жастармен жұмыс та жүйелі түрде жалғасын тапты. Еңбекші әйелдер комиссиясы әйелдердің құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында түрлі іс-шаралар өткізді. Ал Жастар кеңестері арқылы облыс көлемінде 31 іс-шара ұйымдастырылып, өткен жылмен салыстырғанда жастардың белсенділігі айтарлықтай артты.
Ақпараттық жұмыс бағыты бойынша да оң нәтижелер бар. 2025 жылы кәсіподақ қызметі туралы республикалық және облыстық деңгейде 1600-ден астам материал жарық көрді. Әлеуметтік желілердегі оқырмандар саны өткен жылмен салыстырғанда тұрақты өсіп, кәсіподақ қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігі қамтамасыз етілді.
Өз кезегінде Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертлеуова сөз сөйлеп, әлеуметтік әріптестік аясындағы жүйелі жұмыстардың білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғауда және әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ол алдағы уақытта да білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымы арасындағы тиімді ынтымақтастық жалғасын табатынына сенім білдірді.
Жиын соңында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова әлеуметтік әріптестікті дамытуға және кәсіподақ қозғалысына қосқан үлестері үшін бірқатар сала өкілдерін марапаттады. Атап айтқанда, әлеуметтік әріптестер «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін бірқатар кәсіподақ төрағалары «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айырықша еңбегі үшін» төсбелгісімен және шипажайға жолдамамен марапатталды. Сонымен қатар сала қызметкеріне «Кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл» мерейтойлық медалі тапсырылды. Бұдан бөлек, «Кәсіподақтың үздік құқықтық еңбек инспекторы» және «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» республикалық байқауларына белсене қатысқан мамандар Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Алғыс хаттарымен және сыйақы сертификаттарымен марапатталды. Ал белсенді жастарға республикалық жастар лагеріне жолдамалар табысталды.
Қорытындылай келе, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы алдағы уақытта да әділдік, бірлік және әлеуметтік әріптестік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
-
Фотографии
-