МЕЖЕЛІ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ
Жаңатас қаласында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының Сарысу аудандық комитетінің ІІІ Пленумы өтті. Аудан әкімдігі білім бөлімінің мәжіліс залында ұйымдастырылған жиынға Жергілікті кәсіподақтың құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Джолшибекова, «Еңбекші» газетінің Бас редакторы Марат Құлибаев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен білім бөлімінің өкілдері қатысты.
Пленумда аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов әлеуметтік әріптестік жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың орындалу барысына тоқталып, кәсіподақпен бірлесе атқарылған жұмыс жайын сөз етіп, байланыстың бұдан да ары жалғасатындығын жеткізді.
Ал аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлмира Сұлтанбекова бүгінгі күні аудандық комитетке қарасты 46 бастауыш кәсіподақ ұйымында 3045 кәсіподақ мүшесі барын, биыл комитетте 388 кәсіподақ мүшесінің өтініші қаралып, еңбек қатынасы бойынша 225, басқа өтініштер бойынша 163 мәселе өз шешімін тапқанын айтты. Комитет 4 семинар ұйымдастырып, 160 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылған. Есепті кезеңде 245 кәсіподақ мүшесі сауықтырылған.
Жарыссөзге шыққан Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің директоры Гүлмира Өмірбекова, Б.Адамбаев атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Татьяна Шилменбетова және Ш.Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясының шаруашылық меңгерушісі Лариса Стрельченко өз мектептеріндегі атқарылған жұмыстарға тоқталып, Ұжымдық шарт аясында кәсіподақ мүшелерінің көрген игілігі мен мекемелерде ұйымдастырылған іс-шараларды кеңінен баян етті.
Жергілікті кәсіподақтың құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Джолшибекова өз сөзінде ұйым тарапынан кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтті.
Пленум қорытындысы бойынша қатысушылар тарапынан қойылған құқықтық сипаттағы сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауаптар берілді. Сондай-ақ, Пленумда 2026 жылға арналған смета бекітіліп, алдағы кезеңге қойылатын мақсаттар мен міндеттер айқындалды.
Жиын соңы сала үздіктерін марапаттауға ұласты.
Жамбыл облыстық ұйымы