ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалатын, үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Осындай абыройлы жолда табандылықпен еңбек етіп, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған жандардың бірі – Қарабасова Роза Сейілханқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, 30 жылдық еңбек өтілі бар білікті ұстаз.
Роза Сейілханқызы еңбек жолын сол жылы Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназиясында бастады. 1995 жылдан бері Шалқар қаласындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебінде үздіксіз қызмет етіп келеді.
Ұзақ жылғы педагогикалық қызметінде бірнеше буын шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жан-жақты тәрбиелі азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, мектеп, аудан, облыс көлемінде өткізілетін түрлі іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.
Ұстаз еңбегі еленбей қалған емес. Ол Ақтөбе облысының білім департаментінің Алғыс хатына, аудандық білім бөлімінің Грамотасына, облыстық кәсіподақ ұйымының Түркия еліне жолдамасына, 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аудандық пәндік олимпиадасында ІІІ орын, облыстық пәндік олимпиадада ІІ дәрежелі диплом иеленді. «Үздік ашық сабақ» байқауынан І орын, «Білікті ұстаз – 2023» педагогтердің республикалық олимпиадасында І орын алып, Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталды.
Роза Қарабасованың шәкірттері де облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Атап айтқанда, «Ақтөбе–Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған республикалық І.Жансүгіров оқуларының облыстық кезеңінде ІІІ орын, «Біз – Тәуелсіз Қазақстан балаларымыз» республикалық шығармашылық байқауында І дәрежелі диплом, республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде ІІ орын иеленді.
Жаңашылдыққа жаны құмар, ізденістен жалықпайтын Қарабасова Роза Сейілханқызы ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келе жатқан, өз ісінің нағыз шебері, білікті де беделді ұстаз.