ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз — білімімен ғана емес, тынымсыз еңбегі мен жетістігі арқылы жас ұрпаққа өнеге көрсететін тұлға. Осындай еңбегімен ел құрметіне бөленген хромтаулық ұстаздардың бірі — Есжанов Марат Меңдіғалиұлы.
Марат Есжанов 1999 жылдан бері Ақтөбе облысы, Хромтау ауданының, Қопа орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді. 2018–2020 жылдары мектеп директорының міндетін уақытша атқарды. 2025–2026 оқу жылынан бастап «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы қызметін қоса атқаруда.
Марат Есжанов оқушыларға «Шахмат» үйірмесін жүргізіп, аудандық және облыстық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді. Оның педагогикалық шеберлігі мен шығармашылық еңбегі облыстық және республикалық деңгейде жоғары бағаланып, білім басқармасы мен ғылыми-тәжірибелік орталықтардың алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен және дипломдарымен марапатталды. Ұстаздың есімі республикалық «Алтын кітап» энциклопедиясына енгізіліп, білім беру саласындағы үздік қызметкерлер қатарынан орын алды.
Есжанов Марат Меңдіғалиұлы — саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған, еңбегімен шәкіртке үлгі, ауыл мектебінің беделін көтеріп жүрген тәжірибелі ұстаз.