БІЛІМ ОРДАСЫНДА БАСТАУЫШ ҰЙЫМ ҚҰРЫЛДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төраға орынбасары Жанболат Орынбековтың қатысуымен жуырда ашылған Жамбыл облысындағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатында мектеп директоры Әлішер Әзімбай бастаған педагогикалық ұжым мен техникалық қызметкерлердің қатысуымен жалпы жиналыс өтті. Аталған білім ордасы өткен жылдың соңында ашылып, мектептің тыныс-тіршілігімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында арнайы танысқан болатын.
Кездесу барысында Жанболат Орынбеков ұжым мүшелеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негізгі талаптары, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері, сондай-ақ кәсіподақ мүшелігінде болудың артықшылықтары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, ұжымдық шарт арқылы белгіленетін әлеуметтік жеңілдіктер, құқықтық қолдау, еңбек дауларын шешу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бағытындағы кәсіподақтың рөлі түсіндірілді.
Талқылау нәтижесінде мектеп ұжымы бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы шешім қабылдап, жиын барысында ұйымның жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында кәсіподақ комитетінің төрағасы мен мүшелері сайланып, тиісті органдары жасақталды. Олар алдағы уақытта ұжымдық шарт аясында еңбек қатынастары мен әлеуметтік мәселелерді шешуді, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
Мектеп-интернатта бастауыш кәсіподақ ұйымының құрылуы қызметкерлер мен мұғалімдердің бірлігін нығайтып, олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұжымда әлеуметтік әріптестікті дамытуға тың серпін бермек.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-