ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнап, білім мен тәрбие жолында тынымсыз еңбек еткен ұстаз – қоғамның ең сенімді тірегі. Осындай ардақты жандардың бірі – Хромтау ауданындағы №1 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, білікті педагог, тәжірибелі ұйымдастырушы Оразбаева Салтанат Кәкімқызы.
Салтанат Оразбаева салада 33 жылға жуық үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі де білікті ұстаз. Ұстаздың әр сабағы білім мен тәрбиені ұштастырған тағылымды мектеп. Ол шәкірттерін тек пәнге ғана емес, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке баули білді. Салтанат Кәкімқызынан тәлім алған шәкірттер бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп, ұстаз сенімін ақтап жүр. Оның оқушылары республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі білім және шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің айқын дәлелі.
Салтанат Оразбаева – өз ісіне адал, жаңашыл ұстаз. Ол облыстық, республикалық конференциялар мен семинарлардың тұрақты қатысушысы, тәжірибе алмасу алаңдарында спикер ретінде танылған. Педагогикалық олимпиадалар мен кәсіби байқауларда жүлделі орындарға ие болып, түрлі марараттармен марапатталған. Сонымен қатар, ол 13 жылдан астам уақыт бойы аудандық желілік қоғамдастықтың үйлестірушісі ретінде бірнеше мектептің бірлескен жұмысын ұйымдастырып, педагогтардың кәсіби дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Еңбек жолындағы тағы бір маңызды қыры – 20 жылдан астам уақыт кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін абыроймен атқаруы. Ол ұжым мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғап, әріптестер арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуға зор үлес қосты. Осы еңбегінің нәтижесінде облыстық «Үздік көшбасшы – 2024» байқауында бас жүлдені иеленді.
Оразбаева Салтанат Кәкімқызы – шәкірт жанының бағбаны, әріптесіне тірек, ұжымға ұйытқы бола білген нағыз еңбек адамы.
-
Фотографии
-