ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Өскелең ұрпақты білім мен тәрбиеге баулып, заман талабына сай тұлға қалыптастыру жолында табанды еңбек етіп келе жатқан қобдалық ұстаздардың бірі – Жаниязова Гүлмира Еділқызы.
Гүлмира Жаниязова Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бегалы негізгі мектебінде физика және информатика пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Педагогикалық еңбек өтілі – 22 жыл. 1998–2002 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде физика және информатика мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын 2002 жылы бастап, педагог-сарапшы санатына ие болды.
Ұстаз үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, білім беру саласындағы жаңашылдықтарды өз тәжірибесінде тиімді қолдануда. Оның еңбегі түрлі деңгейдегі марапаттармен бағаланған. Физика пәні мұғалімдері арасындағы облыстық педагогикалық олимпиадада бірінші орын иеленді. Республикалық дәстүрлі интернет олимпиадада оқушылардың білімге қызығушылығын арттыруға қосқан үлесі үшін Алғыс хат алып, физика пәні бойынша бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ облыстық білім басқармасының марапатына және аудан әкімінің арнайы сыйына ие болды.
Гүлмира Жаниязованың шәкірттері де жоғары жетістіктерімен ерекшеленеді. Республикалық олимпиадада информатика пәнінен бірінші орын, аудандық пәндік олимпиадада жүлделі үшінші орындар, «Зерде» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде үшінші орын иеленген оқушылар бар. Сонымен қатар шәкірттері «Елбасы медалі» жобасының қола медалін жеңіп алды.
Қорыта айтқанда, Жаниязова Гүлмира Еділқызы – білім беру саласында көп жылдық тәжірибесі бар, кәсіби шеберлігімен ерекшеленетін ұстаз.
-
Фотографии
-