ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗДАР ЖЕҢІСІ
Алматы қаласында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік ұстаздардың басын қосты. Білім беру саласындағы озық тәжірибе мен жаңашыл идеяларды дәріптеуді мақсат еткен бұл байқауда 12 педагог Ақтөбе облысының намысын абыроймен қорғады.
Республикалық деңгейдегі тартысты додада өңіріміздің ұстаздары жоғары кәсіби шеберлігін, шығармашылық әлеуетін және педагогикалық ізденісін айқын көрсете білді. Нәтижесінде ақтөбелік педагогтар жүлделі орындардан көрініп, облыс мерейін үстем етті.
Атап айтқанда, Хромтау ауданы №6 Хромтау гимназиясының мұғалімі Асхат Жұмағали және Қобда ауданы Қаракемер негізгі мектебінің ұстазы Диана Әмірғали І орын иегерлері атанды. ІІ орын Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының педагогы Қайсар Жазықбай мен М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының мұғалімі Гүлнұр Қожанова бұйырды. Ал ІІІ орынды Хромтау ауданы №4 Хромтау орта мектебінің ұстазы Инабат Әбдіқалықова жеңіп алды.
Сонымен қатар, Байғанин ауданы Жарқамыс орта мектебінің мұғалімі Назерке Махатқызы мен Темір ауданы №4 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінің педагогы Жангүл Мелес Алғыс хаттармен марапатталды. Байғанин ауданы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектебінің мұғалімі Жанайым Сәденова, Ырғыз ауданы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің ұстазы Жадыра Әмірхан және Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының педагогы Ақжан Байзақова сертификаттарға ие болды.
«Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсында жоғары нәтиже көрсеткен барлық жүлдегерлер мен қатысушыларды шын жүректен құттықтай отырып, толағай жетістіктер тілейміз.
-
Фотографии
-