БАСТАУЫШ ҰЙЫМ – БАСТЫ ТІРЕК
Кәсіподақ жұмысын жандандыруда бастауыш ұйымдардың маңызы жоғары. Қоғамдық бірлестіктің басты тірегі саналатын бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жағдайын зерделеу Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының ұдайы назарында.
Осы мақсатта Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы және еншілес филиалдар жыл басынан бері еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, атқарған жұмыстарды таныстырып, өзекті мәселелер бойынша құқықтық жұмыстар жүргізуде.
Осындай шараның бірі- Талдықорған қаласындағы М.Ломоносов атындағы №5 орта мектеп – лицейінде өтті.
Оған облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Төлепбергенов, облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан, Талдықорған қалалық филиалдың төрағасы Айым Ерікқызы қатысты.
Кездесу барысында кәсіподақ өкілдері еңбек ұжымының әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізгенін, ұжым мүшелеріне құқықтық және әдістемелік кеңестер беріліп, еңбек жағдайын жақсарту, еңбекақы, демалыс және әлеуметтік кепілдіктер туралы мәселелерді тұрақты бақылауда ұстағанын баяндады.
Сонымен қатар, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелеріне материалдық және қайырымдылық қолдау көрсетілгенін, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы әлеуметтік әріптестік нығайтылып, ұжымдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылғанын жеткізді.
Шара соңында кәсіподақ мүшелерінің тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріліп, кәсіподақ юелсенділері құқықтық кеңестермен бөлісті.
Жетісу облысы, Талдықорған қалалық кәсіподақ комитеті