БАСТАУЫШ ҰЙЫМНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтың қатысуымен Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға университеттің кәсіподақ мүшелері - профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен комитет мүшелері қатысты.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес алғашқы болып оқу орнының кәсіподақ комитеті жұмысының есебі тыңдалды. Есепті баяндамада комитет төрағасы Мұхтар Усупов атқарылған іс-шаралар мен жұмсалған қаржы туралы есеп беріп, алдағы міндеттерге де тоқталды.
- Өткен жылдың маусым айында құрылған кәсіподақ комитетіне бүгінде 135 адам мүше. Осы кезеңдегі біздің ең басты жетістігіміз - ұжымдық шарттың қабылдануы. Бұл оңай болмағанын жақсы білесіздер. Уақытты да, күш-жігерді де талап етті. Соған қарамастан 2 айға созылған талқылаулардан кейін 2025 жылдың күзінде ұжымдық шартқа қол қойылды. Бүгінде ұжымдық шартты іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, университет әкімшілігіне келісу үшін жолданған.
Ұжымдық шарттың бірқатар талаптары әкімшілік тарапынан орындалмай отырғанын да айту керек. Мәселен, кәсіподақ комитетіне арналған кабинет бөлініп, қызметкерлерге сыйақы берілсе, эдвайзерлерге еңбекақы тағайындалса деген ұсыныстар ашық қалып отыр. Жергілікті кәсіподақ тарапынан комитет мүшелері бірнеше семинар мен форумға қатысса, университет командасы спорттық турнирлерде оқу орнының намысын қорғады. Мерейтой иелері де назардан тыс қалмай, қошемет көрсетілді. Бұл жаңадан құрылған, кадрлық өзгерістер әлі де жүріп жатқан кезеңде тұрған ұйым үшін жаман нәтиже емес деп ойлаймын, - деді бастауыш кәсіподақ төрағасы Мұхтар Мырзаханұлы.
Жиында сөз алған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ұжым мүшелеріне сәттілік тілеп, университет әкімшілігімен әлеуметтік әріптестік аясында бірге жұмыс істеуге шақырды.
- Ұжымдық шартты қабылдау арқылы университет қызметкерлерінің бірқатар негізгі сұрақтары шешімін тапты. Ең бастысы әрі негізгісі – қызметкерлердің еңбек шарттарына байланысты сұрақ. Еңбек шартым қашан тоқтайды деп алаңдап отырған қызметкердің жұмыс өнімділігі де төмен болады емес пе?! Екіншісі, ол ұжымдық шарт арқылы емделу жәрдемақысын төлеу мен оның көлемі болатын. Бұл мәселе де шешілді. Жалпы, жаңа құрылған ұйым үшін қиыншылықтар мен кедергілердің болуы қалыпты құбылыс. Алайда, университет әкімшілігі мен қызметкерлерінің басым бөлігі бұған дейін кәсіподақ мүшелігінде болып, ұйымның қызметімен, әлеуетімен таныс. Сондықтан да, алдағы уақытта әлеуметтік әріптестік аясында университет қолдауымен ұжымдық шарт аясында көп сұрақтар шешіледі деген сенімдемін, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиында университеттің кәсіподақ мүшелері атынан сөз алған профессор Болат Үсенбаев кәсіподақ ұйымының жұмысына баға беру ерте болса да, ұйымның алғашқы қадамы нәтижесіз емес екенін баса айтып, осы істердің басы-қасында жүрген комитет төрағасы Мұхтар Усуповтың табандылығын атап өтіп, алғысын білдірді.
Жиналыста бастауыш кәсіподақ комитетінің құрамы жаңартылып, жұмыстан шыққан қызметкерлердің орнына жаңа мүшелер сайланды. Сонымен бірге, қатысушылардың қызу талқысынан соң бастауыш ұйымның 2026 жылға арналған кіріс және шығын сметасы бекітілді. Университет әкімшілігі атынан жиынға қатысқан Академиялық мәселелер бойынша проректор Мақсат Мұсабеков университеттің даму жоспарына сәйкес қызметкерлер үшін жағдай жасалатынын, ал әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарт шеңберіндегі жұмыс беруші тараптың міндеттемелері кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-