МАҢҒЫСТАУДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕГЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Cалалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымы «Еңбекші әйелдердің әлеуметтік саладағы ролі: мәртебесі мен құқықтары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұл іс-шараның басты мақсаты әйелдер мен олардың еңбекке қосқан үлесін дәріптеу, қоғамдағы әйелдердің мәртебесін арттыру, сондай-ақ еңбек қатынастарындағы әйелдерге қатысты мәселелерді талқылау болды.
Жиынға облыстық Еңбекші әйелдер кеңесінің мүшелері, аудандық, қалалық кәсіподақ фмлиалдарының және білім беру мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Бұл шара білім саласында еңбек ететін әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін кеңінен талқылауға мүмкіндік берді.
Облыстық кәсіподақ төрағасы Тәрбия Байымбетова шараны ашып, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Облыстық ұйымының ұйымдастыру қызметтері жөніндегі маманы Асылтас Аманиязова кәсіподақ мүшелері – еңбекші әйелдердің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға, еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасауға бағытталған бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік әріптестік қағидаттарына негізделіп, жүйелі түрде жалғасуда. Атап айтқанда, жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі, әділ еңбекақы төлеу, әлеуметтік демалыстар мен жеңілдіктер, ана мен балаға қатысты қолдау тетіктері, кәсіби оқыту және қайта даярлау мүмкіндіктері секілді маңызды мәселелер ұдайы назарда болатыны жеткізілді.
Келесі спикер «Асмет-Ұлас» жоғары педагогикалық колледжі басшысының орынбасары, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Маңғыстау облысы бойынша өкілінің кеңесшісі, Ақтау қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Ақтау қаласы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Светлана Әлібекова әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңдарға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берді. Ақтау қалалық филиалының төрағасы Күнзира Еңсегенова «Еңбекші әйелдердің әлеуметтік саладағы рөлі, мәртебесі мен құқықтары» туралы баяндамасында кәсіподақтың білім беру саласында қызмет ететін әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешудегі үлесін атап өтті.
Психологиялық қолдау орталығының психолог маманы Айгүл Амирова «Әлеуметтік саладағы әйел: жауапкершілік, күйзеліс және шекара» тақырыбында сөз сөйлеп, күйзелістен шығуға, эмоцияны шығаруға арналған трансформациялық тренинг- ойынын ұйымдастырса, Мұнайлы аудандық филиалдың төрағасы Рита Текеева өз тәжірибесімен бөлісті, қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеру жолдарын ұсынды. Еңбекші әйелдердің басын қосқан жиында ашық сұхбат өрбіп, қатысушылар сұрақ-жауап арқылы өз тәжірибелерін ортаға салды.
Жиын барысында білім саласындағы әйелдердің құқықтары мен мәртебесін арттыру мәселелері назарға алынды. Мұндай іс-шаралар әйелдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, олардың өмірлік және кәсіби дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Әйелдер істері коммиссия мүшелерінен мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұруына ұсыныстар берілді.
Маңғыстау облыстық ұйымы
-
Фотографии
-