МАҢҒЫСТАУДА КӘСІПОДАҚ МАМАНДАРЫ БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ
Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымының мамандары Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов атындағы жалпы білім беретін мектеп пен Түпқараған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің ұжымдарымен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты педагогикалық ұжымды кәсіподақ мүшелігінің мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы ақпараттандыру, сондай-ақ білім қызметкерлерін белсенді кәсіподақ қызметіне тарту болды.
Жиын барысында Облыстық кәсіподақтың төрағасы Тәрбия Анайбекқызы Байымбетова Маңғыстау облыстық кәсіподақ ұйымының қызметі, негізгі жұмыс бағыттары, атқарылып жатқан жобалар, кәсіподақ мүшелерін қолдау шаралары туралы жан-жақты айтып берді. Облыстық кәсіподақ ұйымының келешегі мен оң аспектілеріне, сондай-ақ мұғалімдердің әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Облыс аппаратының құқықтық қызметтер жөніндегі бас маманы Наталья Станиславовна Храмова өз сөзінде кәсіподақ – қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімді тетігі ғана емес, сонымен қатар кәсіби өсудің, өзін-өзі жүзеге асырудың, бастамаларды қолдаудың, мұғалімдердің көшбасшылық әлеуетін дамытудың қуатты алаңы екеніне тоқталды.
Кездесу соңында облыс аппаратының мамандары әріптестерінің барлық сұрақтарына жауап берді. Іс-шара сындарлы, ашық және жылы атмосферада өтті, кәсіподақ пен педагогикалық ұжым арасындағы жанданған диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Маңғыстау облыстық кәсіподақ ұйымы