ЕҢБЕК ДАУЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ТӘЖІРИБЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақтөбеде Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының ұйымдастыруымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен келісім комиссиясының мүшелеріне арналған семинар өтті. Іс-шараның мақсаты — еңбек дауларын дер кезінде анықтау, оларды тиімді шешу жолдарын қарастыру және келісім комиссиясының жұмысының ұйымдастырылуын жетілдіру.
Мұғалжар ауданында өткен семинарда кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева қатысушыларға еңбек дауларының алдын алу жолдары мен келісім комиссияларының рөлі туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, ол бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен комиссия мүшелеріне нақты практикалық кеңестер мен ұсыныстар жасады.
Семинар кезінде қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, келісім комиссияларының қызметіне қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Бұл семинарлар кәсіподақ мүшелерінің біліктілігін арттырып, ұжымдағы еңбек қатынастарын жақсартуға септігін тигізеді.