ЖАМБЫЛДА БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАРМЕН КЕЗДЕСУЛЕР ЖАЛҒАСУДА
Бүгінде белсенділігі жоғары бастауыш кәсіподақ ұйымдары көп-ақ. Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің ұжымы солардың бірі. Бастауыш ұйымға мектеп қызметкерлері толық мүше. Өткен жұмада осы білім мекемесіне Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастаған кәсіподақ қызметкерлері «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» форматында мектеп ұжымымен кездесу өткізді.
Алдымен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Бекібаева мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, мұндағы мүше саны 241 адам. Оның 191 мұғалім болса, 50-і кіші қызметкер. Жаңа оқу жылында жұмысқа қабылданған 5 мұғалім мен 2 кіші қызметкер бастауыш кәсіподақ ұйымына кіруге өтініш берген. Жыл ішінде 13 білім қызметкеріне шипажайларға жолдама берілсе, туристік саяхаттарға және Алакөл мен Ыстықкөл жағалауларында демалу мүмкіндігіне 11 кәсіподақ мүшесі ие болған.
Мектеп ұжымымен кездесуде Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Ұжымдық шарт аясында бүгінге дейін атқарылған жұмыс барысына тоқталып, бұл кездесудің маңызды екенін атап өтті.
– Сіздермен кездескендегі білгіміз келетіні біз дұрыс бағытта келе жатырмыз ба, шешілмеген қандай мәселе бар, назарымыздан қалып қойған не бар? Соны білу. Бірлесе жұмыс істеп, алдымыздан кездескен мәселені көп болып шешу. Бүгінгі кездесудің де еркін форматта ұйымдастырылуы сондықтан. Ал 2024-2026 жылдары қабылданған, 2012 жылдан бері әбден жетілдірілген Ұжымдық шарт туралы айтар болсам, көп шаруа атқарылды. Бүгінде онда көзделген барлық нормалар жүзеге асырылуда. Оның игілігін өздеріңіз көріп отырсыздар. Ұжымдық шартты ашып қарасаңыздар, әркім өзін табады. Онда әлеуметтік кепілдіктер құжат жүзінде жинақталып, облыстық білім басқармасымен бірлесе жүзеге асырылуда. Мұның ішіндегі нормалардың заңдық күші бар, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Келесі кезекте Төраға орынбасары Жанболат Орынбеков сағат жүктемесінің бөлінісі, үйде оқытылатын баламен жұмыс талаптары, салық кодексіне енген өзгерістер мен басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша түсінік беріп өтті. Ал мектеп директоры Шолпан Дайрабаева мектептің инновация бағытында жұмыс істейтінін, ардагерлермен тығыз байланыс орнатылғанын, түрлі іс-шараларға ұжым мүшелері белсене қатысып отыратынын айтты.
Жиын барысында ұжым мүшелері өз ұсыныстарын білдіріп, сауалдарын ашық қойып, жауап алды. Мәселен, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майра Мұсабекова «педагог-шебер» санаты бар ұстаздар және директордың орынбасарлары «директор» лауазымына конкурссыз қабылданса деген ұсыныс тастады. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдат Ерқонысова үйде оқытылатын балаларға қатысты жалақы төлемі төңірегінде мәселе қозғады. Бұл сұрақтарға Төраға орынбасары Жанболат Орынбеков заң шеңберінде жауап берді.
Жиынды Т.Рысқұлов аудандық комитеті филиалының төрағасы Айнұр Баймұратова қорытындылап, соңы бастауыш кәсіподақ ұйымы белсенділерін марапаттауға жалғасты.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-