КӘСІПОДАҚ АЛАҢЫНДА ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚАРАЛДЫ
Алға ауданында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында семинар өтті. Бұл семинар «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 17-бабының 5-тармағына сәйкес ұйымдастырылды. Семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен келісу комиссиясының мүшелері қатысты.
Семинарда облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғаудың маңыздылығын, еңбек дауларын алдын алу шараларын, сондай-ақ ұжымдық шарттарды орындау және еңбек қатынастарын тұрақтандыру бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті. Ол семинардың негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелерін құқықтық тұрғыдан сауатты ету, еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру және келісу комиссияларының рөлін кеңінен таныстыру екенін жеткізді.
Семинар барысында облыстық ұйымның кәсіподақ заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғау тетіктеріне тоқталып, еңбек дауларының туындау себептері туралы жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар еңбек ұжымындағы қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлер денсаулығын нығайтудағы рөлі туралы ақпарат берілді. Келісім комиссиясы туралы ережелер, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, келіссөз жүргізу мәдениеті және еңбек дауларын жанжалсыз шешу жолдары да талқыланды.
Айта кетейік, келісу комиссиясы тұрақты жұмыс істейтін орган болып саналады және кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігі өкілдерінің тең санынан құрылады. Комиссия үш жылға дейінгі мерзімге, яғни ұжымдық шарт немесе әлеуметтік әріптестік келісім кезеңіне сәйкес бекітіледі.
Тыңдаушылар семинардың практикалық маңыздылығын атап өтіп, мұндай шаралар еңбек дауларын заң аясында тиімді шешуге, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға зор көмегін тигізетінін жеткізді. Сонымен қатар семинарға қатысушылар еңбек қатынастарына, медициналық сақтандыруға, зейнетақы аударымдарына, қызметкерлердің категориясына, кіші қызметкерлерге, жеке балабақшаларға қатысты және басқа да құқықтық сұрақтар қойды. Облыстық ұйымның өкілдері барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, тәжірибелік кеңестермен бөлісті.
-
Фотографии
-