ФИЗИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІ СЫНАЛДЫ
Ақтөбеде Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен жалпы білім беру ұйымдарының физика пәні мұғалімдеріне арналған олимпиаданың аудандық кезеңі өтті.
Олимпиадаға аудан мектептерінен 16 мұғалім қатысып, өздерінің білім деңгейі мен кәсіби даярлығын көрсетті. Байқаудың негізгі мақсаты – педагогтардың пәндік құзыреттілігін арттыру, тәжірибе алмасу және шығармашылық әлеуетін дамыту.
Олимпиада екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар тест тапсырмаларын орындаса, екінші кезеңде олимпиадалық есептерді шешу арқылы өздерінің логикалық ойлау қабілеттерін дәлелдеді.
Қорытындысында жүлделі орындар төмендегідей анықталды. Бас жүлде Сарыжар жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Әділбек Тәжібайға бұйырды. Бірінші орынды №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының мұғалімі Мұхит Хасен иеленді. Екінші орын Сарыжар жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Ләззат Аяпбергенова табысталды. Үшінші орын Вознесеновка жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Нышанкүл Абдрахмановаға берілді. Кеңсахара жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Майра Ілиясова мақтау қағазымен марапатталды.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар грамоталармен және аудандық кәсіподақ ұйымының ақшалай сертификаттарымен марапатталды. Бұл шара педагогтардың кәсіби дамуына оң ықпал етіп, білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама болды.