ЖУАЛЫДА ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ ЖАРИЯЛАНДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті филиалының ІV Пленумы өтті. Жиында Ұжымдық шарттағы көрсетілген міндеттердің орындалуы туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Байтишев баяндама жасап, әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылған жұмыс барысына тоқталды.
Оның айтуынша, өткен жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 17 миллиард 512 миллион 886 мың теңге бөлініп, игерілген. Ал педагог қызметкерлерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға педагогтер мен техникалық және шағын орталық қызметкерлеріне 177 миллион 856,3 мың теңге қаралған.
– Әлеуметтік әріптестік аясында Ұжымдық шартта көзделген нормалар аудандық білім бөлімі тарапынан орындалуда. Мәселен, білім беру ұйымдарының іс жүргізушілері мен есепшілерге жұмыс ауқымының артуына байланысты лауазымдық жалақысының 50 пайызынан кем емес көлемі, яғни барлығы 13 миллион 4134,6 мың теңге төленді. Сондай-ақ, кітапханашылардың лауазымдық жалақысына 30%, іс жүргізушілер мен хатшылардың еңбекақысына 50% қосымша ақы төлеу жүзеге асырылды. Сонымен қатар мұрағатшыларға 30% үстеме ақы белгіленді. Бұдан бөлек, әжетхана тазалаушылардың жұмысының зияндығын ескере отырып оларға 35-тен 50% дейінгі аралықта үстемеақы төленді. Мұның барлығы Ұжымдық шартпен мүмкін болған жұмыстар, – деп атап өтті Азамат Байтишев.
Ал аудандық комитеттің өткен жылы атқарған жұмысының барысы туралы филиал төрағасы Мәжит Айжанов баян етті. Аудандық кәсіподақ комитетінің құрамында 75 бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, ондағы мүшелік саны – 3767. Атқарылған жұмыс есептік баяндамада жан-жақты қамтылып, жарыссөзге шыққан кәсіподақ мүшелері тарапынан оң бағаланды.
Мәселен, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Жанболат Орынбек пен №4 өнер мектебінің БКҰ жетекшісі Ринат Аубакиров өз мекемесінде атқарылған жұмыс барысына тоқталып, комитет жұмысына жақсы баға берді. Ал №1 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Даниярова мекеме жұмысы туралы баяндай келіп, ғимараттың бүгінгі жағдайына тоқталды.
– Ауданымыздағы тарихы ғасырға жуық №1 бөбекжай балабақшасының ғимараты 1954-1959 жылдар аралығында салынған. Ескі ғимараттың қазіргі жағдайы сын көтерерлік жағдайда емес. Шынын айтқанда, бізге бүгінгі күні заман талабына сәйкес келетін ғимарат қажеттігі артуда. Мүмкіндікті пайдалана отырып осы мәселенің білім басқармасы тарапынан шешім табуына Жергілікті кәсіподақ өз тарапынан қозғау салса, – деп Гүлмира Даниярова ұсынысын жеткізді.
Ал жиын барысында көтерілген сұрақтарға және филиалдың жұмысына байланысты Ұжымдық шартта көзделген нормаларға арнайы тоқталған Ерұлан Мағзымбеков бүгінге дейін жергілікті кәсіподақтың осы құжат негізінде жеткен жетістіктерін түсіндіріп өтті.
– Пленум жылда өткізілетін жиын. Бірақ әр жылдың өзіндік ерекшелігі бар. Ал Ұжымдық шартта жазылған нормалардың өздігінен орындалмайтыны белгілі. Мұнда біздің өңірлердегі әлеуметтік әріптестеріміздің Ұжымдық шартта көзделген нормалардың жүзеге асуына тигізіп отырған үлесі мол. Біздің жұмысты заңгерсіз елестету мүмкін емес. Олардың кәсіподақ мүшелеріне деген көмегі біздің жұмысымыздың нәтижесін арттырып отыр, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Пленум барысында қаулылар қабылданып, 2026 жылдың қаржылық сметасы бекітіліп, кездесу соңы марапаттауға ұласты.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-