ТАЛДЫҚОРҒАНДА КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Талдықорған қалалық филиалының төрайымы Айым Ерікқызы және облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер- кеңесшісі Қайырхан Әсет «Талдықорған қаласының №1 облыстық психологиялық-медициналық-педагогтік консультациясы» КММ-не арнайы барып, еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу еркін әрі ашық форматта өтіп, тараптар арасында мазмұнды диалог орнады.
Жиын барысында мекеме директоры Балжан Оналбекова еңбек заңнамасының сақталуы, ұжымдық келісім шарттың орындалуы және қызметкерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларының маңыздылығына тоқталды. Ұжым мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, нақты сұрақтар қойды.
Кездесу барысында Талдықорған қалалық филиалының төрайымы Айым Ерікқызы кәсіподақтың еңбек ұжымы үшін атқарып отырған жұмыстары, кәсіподақ мүшелеріне берілетін мүмкіндіктер мен қолдау тетіктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Бұл мәліметтер педагогтар үшін пайдалы әрі өзекті болды. Сонымен қатар, облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер кеңесшісі Қайырхан Әсет еңбек құқықтары, еңбек шартын жасасу тәртібі, еңбекақы төлеу мәселелері және әлеуметтік кепілдіктер бойынша кеңінен түсіндірме жүргізді.
Кәсіподақ өкілдері әрбір сұраққа жауап беріп, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Мұндай кездесулер еңбек ұжымындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтып, әлеуметтік әріптестікті дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Кәсіподақ ұйымы алдағы уақытты да қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Кездесу ұжым мен кәсіподақ арасындағы байланысты нығайтып, алдағы жұмыстарға серпін берді. Осында шаралар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін арттырып, бірлескен жұмыстың нәтижелі болуына ықпал етеді.
Жетісу облысы, Талдықорған қалалық филиалы