МЕРКІДЕ КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Меркі ауылында білім қызметкерлері кәсіподағының Меркі аудандық комитеті филиалының ІІІ Пленумы өтті. Жиынға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова бастаған мекеме басшылары мен кәсіподақ жетекшілері қатысты.
Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова Ұжымдық шарт нормаларының орындалуы мен жалпы білім саласында атқарылған жұмыс барысы бойынша баяндама жасады. Өткен жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 24,697 миллиард теңге бөлініп, игерілген. Сондай-ақ, 2025 жылы екі мектептің қосымша ғимараты пайдалануға берілсе, бір бөбекжай балабақша күрделі жөндеуден өткізілген. Өзге білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары жүзеге асырылған.
Меркі аудандық комитетінің төрағасы Мадина Асанжанованың айтуынша былтыр аудандық комитеттің 12 отырысы өткізілген. Жалпы комитетке қарасты 55 бастауыш кәсіподақ ұйымына 4766 сала қызметкері мүше.
– Әлеуметтік әріптестік аясында Ұжымдық шартта көзделген нормалардың ішінде кітапхана меңгерушілері мен кітапханашылардың жалақысына 30, іс жүргізушілерге 50 пайыздық үстеме ақы төленді. Сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына, кітапхана меңгерушілері мен кітапханашылардың кезекті еңбек демалысына қосымша ақылы 3 күнтізбелік күн берілді. Бұдан бөлек, Ұжымдық шарт негізінде есепші мамандардың жалақысына қосылған 30 пайыз қосымша ақыны құқық қорғау органдары негізсіз деп танып, қайтару міндеттелген. Бұл бойынша екі жарым жылға созылған сот процесінде кәсіподақ ұйымы өкілдік көрсетіп, қызметкерлердің құқықтарын қорғап қалды. Өткен жылы құқықтық инспекторға сұрақпен 706 кәсіподақ мүшесі қайырылды, - деді Мадина Асанжанова.
Аудандық кәсіподақ комитетінің жұмысына оң бағасын берген №9 Меркі колледжінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жазира Мадибаева өз ұжымында атқарылған жұмыс барысымен таныстырып өтті. Ал Тескентоған орта мектебінің іс-жүргізушісі Назира Майлыбекова іс-жүргізушілердің қызмет көрсету ауқымының артуына байланысты 50 пайыздан кем емес қосымша ақы төленіп отырғанын айтты.
- Аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитеті арасында жасалған Ұжымдық шарт негізінде іс-жүргізушілерге 2021 жылы жалақыларына 30 пайыз қосымша ақы төленсе, 2023 жылы оның көлемі 50 пайызға өсті. Аталған қосымшалар мен үстемақылардың барлығы 2024-2026 жылдарға жасалған Ұжымдық шартта өз жалғасын тауып, қызметкерлерге ашық әрі әділ түрде тағайындалды, - деп атап өтті ол.
Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Ұжымдық шарт нормаларында көзделген қосымша үстеме ақылар, педагогтер мен кіші қызметкерлердің сауықтыру ақыларын төлеу, демалыс уақытын ұйымдастыру, құқықтарын қорғау аясында іске асырылған жұмыстарды рет-ретімен баян етті.
– Соңғы жиырма жылдан аса уақытта жетілдірілген Ұжымдық шарттағы орындалған жетістіктерді ешкім жоққа шығара алмайды. Әлі де әттеген-ай, шарттың мына тұсын жетілдіре түсу керек деген ойлар, жобалар жоқ емес. Алдағы жаңа Ұжымдық шартты қолға алғанда ол ойларды өздеріңізбен бірге кеңесе отырып қосамыз. Әрине, бұл жұмыстар әлеуметтік әріптестеріміздің қолдауымен жүзеге асырылады. Ал біздің тарапымыздан берілетін құқықтық көмектерде заңгерлердің атқарып отырған рөлі жоғары. Жұмыс барысында біз түрлі мәселелермен бетпе-бет келеміз. Көп жағдайда тұйыққа тірелеміз. Одан бізді алып шығатын да осы заңгерлер. Білім қызметкерлерінің 80-90 пайызы осы заңгерлердің көмегіне жүгінеді. Оның барлығы дерлік Ұжымдық шарт шеңберінде шешіледі, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын барысында қаулылар қабылданып, 2026 жылдың қаржылық сметасы бекітіліп, кездесу соңы марапаттауға ұласты.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-