ШЫНАЙЫ КӨШБАСШЫ
Қазақ халқының «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақылы – ұстаз тұлғасының ұлт болашағын қалыптастырудағы айрықша рөлін айқындайтын тағылымды ой. Осы ұғымның шынайы көрінісі, өз ісінің хас шебері, білім саласындағы көшбасшы педагог, өнегелі тұлға – Залиева Демегүл Темірбекқызы.
Залиева Демегүл Темірбекқызы – 31 жылдық педагогикалық өтілі бар, кәсіби біліктілігі жоғары, «педагог-шебер» санатына ие, басқару мен оқытуды ұштастыра білген тәжірибелі ұстаз. Ол мектеп директоры, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттеріне терең білім мен ұлттық құндылықтарды қатар дарытып келе жатқан білікті ұстаз.
Білім беру ұйымын басқаруда Демегүл Темірбекқызы жаңашыл ойлайтын, стратегиялық шешім қабылдай алатын көшбасшы ретінде танылған. Ол ұжымда сенімге негізделген орта қалыптастырып, әріптестерінің кәсіби өсуіне жағдай жасай білетін көшбасшы. Оның жетекшілігімен мектептің білім сапасы артып, тәрбиелік жұмыстың жүйесі қалыптасты.
Ұстаз еңбегінің басты өлшемі – шәкірт жетістігі. Демегүл Темірбекқызы тәрбиелеген оқушылар терең білімімен, өнегелі мінез-құлқымен ерекшеленіп, оқу озаты ретінде «Алтын белгі» иегерлерін тәрбиелеп, білім бергені үшін Алғыс хатпен мараппатталған. Шәкірттерінің жоғары нәтижелері үшін ұстаз «IQanat» білім қоры» қоғамдық қорының Алғыс хатымен, Түркістан облысының Білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Кәсіби басқарушылық қабілетінің дәлелі ретінде Демегүл Темірбекқызы облыстық «Табысты менеджер» байқауында жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арналған жолдауын білім беру саласының мамандары арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Жылдың үздік педагогы» республикалық байқауына қатысып, марапатталған.Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі игілікті істері және ұлағатты ұстаздық жолындағы шығармашылық ізденістері арқасында өз шеберлігін, біліктілігін жоғары дәрежеде танытып «Жылдың үздік директоры» атағымен, Аудандық мадақтамамен марапатталған, сонымен қатар өзінің озық тәжірибесін республика, облыс көлемінде таныта білген тұлға.
Ұзақ жылғы адал еңбегі мен білім саласына қосқан үлесі үшін: «Білім беру ісінің үздігі» медалімен,
«Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Оқу-ағарту министрінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.
Бұл марапаттар – оның педагог-шебер, білікті басшы әрі шынайы көшбасшы ретіндегі еңбегінің заңды нәтижесі.
Ұстазға тән сабыр, талапшылдық, әділдік пен жауапкершілік Демегүл Темірбекқызының тұлғалық болмысын айқындайды. Ол үшін ұстаздық – қызмет қана емес, ел болашағына адал қызмет ету.
Ұстаз еңбегінің айқын көрсеткіші шәкірт жетістігі. Оның шәкірттері халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Пікірсайыс, зерттеу, зияткерлік бағыттарда тәрбиеленген оқушылар жүйелі еңбектің жемісі.