ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастыратын қасиетті тұлға. Себебі, әрбір адамның өмір жолында бағыт-бағдар беріп, білім мен тәрбие дәнін сепкен жан – ұстаз. Осындай ел құрметіне бөленген, шәкірт жүрегінен орын алған ардақты ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Сарыбұлақ елді мекенінің тумасы Мәмбетова Злиха Нұрадинқызы.
Злиха Мәмбетова 1974–1984 жылдары Шалқар ауданы Қорғантұз орта мектебінде білім алып, кейін Алматы оқу комбинатында 9 айлық бухгалтер курсын тәмамдады. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (ҚазҰУ) филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы атанды.
Педагогикалық еңбек жолын Шалқар қалалық №3 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастаған ол, 2009 жылдан бері Шалқар қалалық №8 жалпы орта білім беретін мектепте әдіскер-педагог, қазіргі таңда осы білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келеді.
Ол шәкірттерін түрлі деңгейдегі білім бәйгелеріне дайындап, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға зор үлес қосып келеді. Ұстаз еңбегінің нәтижесінде талай шәкірт биік белестерді бағындырып, өмір жолында нық қадам жасады.
Ұлағатты ұстаздың кәсіби еңбегі елеусіз қалған емес. Ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген байқаулардың жеңімпазы мен жүлдегері. «Ең үздік облыс мұғалімі» гранты, «Үздік әдіскер», «Шығармашыл ұстаз», «Шығармашыл педагог» сияқты байқаулардағы жоғары жетістіктері – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыстық білім басқармасы, аудандық әкімдік пен кәсіподақ ұйымдарының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Қарапайымдылығы мен парасаттылығы, жауапкершілігі мен кәсібіне деген адалдығы оны әріптестері арасында сыйлы, шәкірттері үшін үлгі еткен. Өз еңбегімен құрметке бөленген, болмысымен өнеге болған Мәмбетова Злиха Нұрадинқызы – нағыз еңбек адамы, ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған асыл жан.