ҰСТАЗДЫҚ ТӘЖІРИБЕ МЕН КӘСІБИ ШЕБЕРЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Аханова Балия Баташқызы Қарағанды облысындағы «Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясы» КММ математика пәнінің білікті мұғалімі, білім беру саласында 37 жылдық мол еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз. Ол өз еңбек жолының барлығын бір білім ордасында өткізіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген кәсіби маман.
Ұстаздың көпжылдық еңбегі мен білім беру ісіне қосқан үлесі мемлекет деңгейінде жоғары бағаланып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатына (2009 ж.), Құрмет грамотасына (2017 ж.), сондай-ақ «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне (2021 ж.) ие болды.
Балия Баташқызы кәсіби дамуға үнемі ұмтылып, пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. XVII Республикалық «Әдістемелік вернисаж» фестивалында «Үздік сабақ» номинациясы бойынша III дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар «Математика пәні бойынша математикалық сауаттылықты арттыру» атты әдістемелік оқу құралының авторы ретінде педагогикалық тәжірибесін әріптестерімен бөлісті. Халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі білім беру іс-шараларына белсенді қатысып, облыстық конференцияларда өз іс-тәжірибесін таныстырды.
Ұстаз еңбегінің басты көрсеткіші – шәкірт жетістігі. Оның оқушылары облыстық және аудандық олимпиадаларда, Президенттік олимпиадада, «Алтын асық», «Ауыл олимпиадасы» сияқты зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып, мектептің абыройын арттыруда.
Аханова Балия Баташқызы – кәсіби шеберлігімен, ұстаздық жауапкершілігімен және жаңашыл ізденісімен ерекшеленетін, жас мамандарға үлгі боларлық тәжірибелі педагог.