БАСҚАРУ МЕН ОҚЫТУДЫ ҰШТАСТЫРА БІЛГЕН ҚАРЫМДЫ ҰСТАЗ
Ұстаздықтың шынайы көрінісі, өз ісінің хас шебері, білім саласындағы тәжірибелі көшбасшы, өнегелі тұлға – Нұртанова Гүлжан Бермаханбетқызы.
Ол саналы ғұмырында еңбек жолын педагогикалық салаға 35 жылын арнаған, кәсіби біліктілігі жоғары, басқару мен оқытуды ұштастыра білген қарымды ұстаз.
Орал педагогикалық институтының оқытушылығынан басталған тәжірибесімен бүгінде Сүйерхан Базарбаев атындағы №61 негізгі орта мектебінің директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде мектептің білім сапасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Білім беру ұйымын басқаруда Гүлжан Бермаханбетқызы жаңашыл ойлайтын, стратегиялық шешім қабылдай алатын білікті менеджер ретінде танылған. Оның кәсіби басқарушылық қабілетінің айқын дәлелі – облыстық «Табысты менеджер» байқауында үздік нәтиже көрсетіп, мақтау қағазымен марапатталуы. Сонымен қатар, ол «Үздік мектеп директоры – 2022» атағының иегері атанып, мектептің аудан көлемінде І орын алуына тікелей ықпал етті.
Ұстаз еңбегінің басты өлшемі – шәкірт пен жас мамандарға берген бағыт-бағдары. Ұстаз тек қана шәкірт тәрбиелеп қоймай, жас кадрларға жол сілтейтін тәлімгер. Оның бұл еңбегі Республикалық «Еңбек жолы – 2022» конкурсында «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жоғары бағаланып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің дипломымен марапатталды.
Ұзақ жылғы адал еңбегі мен білім саласына қосқан қомақты үлесі өз бағасын алған.
Бұл марапаттар – оның педагог-шебер, білікті басшы әрі шынайы көшбасшы ретіндегі қажырлы еңбегінің заңды жемісі. Ұстазға тән сабырлылық, әділдік пен жоғары жауапкершілік оның тұлғалық болмысын айқындайды. Ол үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол – саналы ғұмырын білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған қасиетті міндет.
Гүлжан Бермаханбетқызының басқаруымен және ұстаздық етуімен жеткен жетістіктер жүйелі еңбек пен терең білімнің айқын көрінісі.