БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕГЕ АРНАЛҒАН ҒҰМЫР
Демесінова Рыскүл Үйсінбайқызы — Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы селосындағы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Ол өзінің педагогикалық қызметін бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастап, білім беру саласында кәсіби шеберлігімен, ізденімпаздығымен танылды. 2022 жылдан бастап бастауыш сыныптар бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметін абыроймен атқарып келеді.
Рыскүл Үйсінбайқызы еңбек жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, мектептің ғана емес, аудан, облыс және республика көлеміндегі түрлі сайыстарға қатысып, білім ордасының абыройын арттырып жүр. Оның еңбегі жоғары бағаланып, 2016 жылы Қарағанды облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, 2024 жылы Қарағанды облысының білім басқармасынан Алғыс хатқа ие болды.
Ұстаз өз жұмысында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, өздік танымдық біліктілігін арттыруға ерекше мән береді. Білім сапасын көтеруге бағытталған тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, заманауи талаптарға сай оқыту үрдісін ұйымдастырып келеді. Жас ұрпақты ел болашағы деп танып, оларға сапалы білім берумен қатар еңбексүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеуді басты мақсат етеді.
Сонымен бірге, Рыскүл Үйсінбайқызы мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұжым өміріне үлес қосып келеді. Ұжым арасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық жан ретінде танылған. Жас мамандарға әрдайым әдістемелік көмек көрсетіп, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл әрі қарапайым ұстаз әріптестері мен оқушылардың құрметіне бөленген.
Өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары Рыскүл Үйсінбайқызының еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі, ал білім саласына қосқан үлесі қашанда құнды.