ШАЛҒАЙДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ШЫНАЙЫ ЖАНАШЫРЫ
Әріптестерінің айтуынша Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің кіші техникалық қызметкері Ғани Бадықовтың қолы алтын. Негізгі мамандығы мал дәрігері болғанымен өзін ағаш ұстасы, электрик ретінде танытқан. Шалғай ауылда тұратын азаматтың басты қасиеті - жұмысына жауапкершілікпен қарайтындығы.
Ғани Бадықов мектептен соң Құлан ауылындағы Мал дәрігерлік техникумына оқуға түскен. Оқуын тәмамдаған жас маман еңбек жолын 1995 жылы Т.Рысқұлов ауданында ветеринариялық бөлімде техник болып бастаған. Одан кейін Ақбақай кешенінде тұнбашы болып жұмыс істеген. 2006-2008 жылдары «Базис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құрылысшы болыпты.
– Адамның жоспарлағаны үнемі бола бермейді ғой. Жас кезде түрлі жұмыста жүріп, әртүрлі кәсіпті меңгеруге тура келді. Қажет кезде электрик те болдық. Құрылыста да тәжірибе жинадық. Кенші де болған кезіміз бар. Бизнесте де бақ сынадық. Әр саладан үйренгенім қазір өз қажетіме жарап тұр. Қолдан бәрі келеді. Ағаштан түрлі заттар жасасам, электр құрылғыларын да жөндей беремін.
Жұмыстың да, үйдің де шаруасын тындырып, бүгінде бала-шағаның ертеңі үшін, солардың болашағы үшін жұмыс істеп жүрміз, – дейді Ғани Медетханұлы.
Мойынқұмнан ел жайлы тұрмыс іздеп қалаға көшіп жатқанда Ғани туған жерге оралып, мал дәрігері болып 10 жылдан аса жұмыс істеген. Ал мектепке кіші қызметкер болып орналасқанына төрт жыл болыпты. «Қазір біз жұмыс таңдайтын жаста емеспіз. Бар жұмысты ұқсатып, соның үдесінен шығуға тырысамыз. Жаңа ғимаратқа ауысқалы жұмысымыз біршама жеңілдеді. Ескі мектепте шаруа да көп болатын. Қазақта «Ескіні жамасаң есің кетеді» деген сөз болушы еді ғой. Бір жағынан жөндеп жатсаң, екінші жағынан қирап жататын.
Бәрі ескі. Шалғайдағы шағын мектептерге көп көңіл бөліне бермеуші еді ғой бұған дейін. Амал жоқ, кейде жоқты бүтіндеу үшін үйден таситынбыз. Электр шамдарын да өзіміз ауыстырып салған кездер болды. Кішкене болса да балаларымыз жақсы оқысын, жақсы білім алсын деп олардың жарық жерде, жылы сыныпта отыруы үшін ұжым болып барды ұқсаттық. Бұл істе мектеп директорының да ұжымды бір арнаға басын қосып, бірлесе жұмыс істеуде танытқан белсенділігі де зор болды. Енді, міне еңбегіміз ақталып, екі қабатты ғимаратта жұмыс істеп жатырмыз», - дейді ол.
Ғани бүгінде төрт ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Қорасында азын-аулық мал ұстап, шарбағында бақша салады. Ал оның жұбайы Камшат та өзі еңбек ететін мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Жамбыл облыстық ұйымы.