ҰСТАЗДЫҚҚА АДАЛДЫҚ - ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМ
Смағұлова Сауле Қамбарханқызы – өз ісіне адал, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді өмірінің басты мақсаты еткен білікті де тәжірибелі ұстаз. Ол ұзақ жылдар бойы білім беру саласында табандылықпен еңбек етіп, шәкірт жүрегінен орын тапқан құрметті педагог.
Сауле Қамбарханқызы 1989 жылы Өскемен педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдап, математика және физика пәндерінің мұғалімі мамандығын алған. 1996 жылдың тамыз айында Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Қайнар ауылына қоныс аударып, Щербаков орта мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын жалғастырды. Сол уақыттан бері бүгінгі күнге дейін өз мамандығына адал қызмет етіп келеді.
Ұстаздық қызметі барысында ол оқушыларға тек терең білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерін сіңіруге ерекше көңіл бөледі. Оның жетекшілігіндегі шәкірттер түрлі пәндік олимпиадалар мен білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болып, мектеп абыройын асқақтатып жүр.
Сауле Қамбарханқызы әріптестері мен оқушылары арасында сый-құрметке ие, жаңашылдыққа ұмтылатын, кәсіби біліктілігі жоғары ұстаз ретінде танылған. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, білім беру саласының дамуына лайықты үлес қосып келеді.
Ұстаздықты өмірлік мұрат еткен, ел болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнаған Сауле Қамбарханқызы құрметке әбден лайық, үлгі боларлық тұлға.