ЖҰБАНОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымы өткен жылы атқарылған жұмысы бойынша есеп берді. Жиында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандарбек Иманчиев өткен жылдың негізгі нәтижелеріне тоқталып, алдағы міндеттерді айқындады.
Кәсіподақ ұйымының негізгі жарғылық міндеті – еңбек адамының құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсарту және қолайлы еңбек ахуалын қалыптастыру. Төрағаның айтуынша, осы міндеттерді жүзеге асырудағы ең басты тетік – әлеуметтік әріптестік.
– Әлеуметтік әріптестік – кәсіподақ жұмысының өзегі. Жұмыс беруші, салалық министрлік және кәсіподақ арасындағы өзара түсіністік пен келісім қызметкерлердің әлеуметтік тұрақтылығы мен еңбек құқығын қамтамасыз етудің негізгі кепілі, – деді Жандарбек Иманчиев.
2025 жылы бастауыш кәсіподақ ұйымы өз жұмысын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы арасындағы 2024–2026 жылдарға арналған салалық келісімдерге, сондай-ақ облыстық келісімдер мен салалық кәсіподақтың XVI съезінде қабылданған нұсқаулықтарға сәйкес жүргізді.
Бүгінде бастауыш кәсіподақ ұйымы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Жоғары колледжді қамтып, 1225 кәсіподақ мүшесін біріктіреді. Оның ішінде 1119 қызметкер тұрақты жұмыс істейді, 82 қызметкер декреттік демалыста. 35 жасқа дейінгі жастар саны – 283 адам. Төрағаның айтуынша, бұл көрсеткіштер кәсіподақ ұйымының жас мамандар арасында беделінің артқанын аңғартады.
Әлеуметтік әріптестік аясында еңбек қатынастарын реттеу, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін сақтау және еңбек жағдайларын жақсарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері де кәсіподақтың тұрақты бақылауында болды. Өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлар жүйелі түрде жұмыс атқарып, қызметкерлердің қауіпсіздік және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған семинарлар ұйымдастырылды.
Төрағаның айтуынша, кәсіподақ мүшелеріне тегін құқықтық көмек көрсету және әлеуметтік қолдау көрсету – ұйым қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Кәсіподақ мүшесінің отбасындағы қайғылы жағдайлар немесе табиғи апаттар кезінде кәсіподақ тарапынан материалдық көмектер көрсетілді.
2025 жылы кәсіподақтың қаржылық қызметі де ашық әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Мүшелік жарналар есебінен мәдени-спорттық іс-шаралар, шипажайларға жолдамалар, балалар лагерлеріне жолдамалар, шаруашылық және іссапар шығындары қаржыландырылды. Барлық шығындар бекітілген сметаға сәйкес жүргізіліп, тиісті құжаттармен расталды.
Әлеуметтік қолдау және сауықтыру бағытында жыл ішінде 30 кәсіподақ мүшесі шипажайларда емделіп, денсаулығын нығайтты. Сонымен қатар тарихи-танымдық бағыттағы сапарларды ұйымдастыру жоспарланып, бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының дәстүрге айналған «Кәсіподақ – тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» шарасы аясында үздік оқытушылар мен қызметкерлер марапатталып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетілді. 2025 жылы облыстық кәсіподақ ұйымы тарапынан бастауыш кәсіподақ мүшелеріне 1 миллион теңге көлемінде сыйақы бөлінді.
Ақпараттық жұмыс та жүйелі түрде жүргізіліп, кәсіподақтың Facebook және Instagram желілеріндегі парақшаларында атқарылған жұмыстар тұрақты жарияланып отырды. Сондай-ақ еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия мен жастар комитеті гендерлік теңдік пен жас мамандардың кәсіподақ қозғалысына тартылуына бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды.
Қорытынды сөзінде Жандарбек Иманчиев: – Кәсіподақ – бұл тек ұйым ғана емес, бұл әр қызметкердің мүддесін қорғайтын ортақ күш. Алдағы уақытта да әділдік, бірлік және әлеуметтік әріптестік қағидаттарына сүйене отырып, еңбек адамының құқығын қорғау жолындағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз, – деп атап өтті.
-
Фотографии
-