БІЛІМ МЕН ТӘЖІРИБЕНІ ҰШТАСТЫРҒАН БІЛІКТІ МАМАН
Кәсіби біліктілік пен тиянақтылық – адамды елге танытатын басты қасиеттердің бірі. Осы талаптарға толық сай келетін мамандардың қатарында Күнжанова Ақмарал Советқызын атауға болады.
Еңбек жолын 2009 жылы Арал индустриалды-техникалық колледжінде оқытушы болып бастаған Ақмарал Советқызы бүгінде осы білім ордасы жанындағы «Ауыл, орман, балық шаруашылығы және ветеринария» бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің әдіскері қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол техникалық және кәсіптік білім беру саласында оқу-әдістемелік жұмыстарды жүйелеу, білім беру мазмұнын жаңарту бағытында нәтижелі еңбек етіп жүр.
Білікті маман «Кәсіпқор» холдингі КЕАҚ-пен бірлесіп, «Балық өндірісі» мамандығы бойынша үлгілік оқу жоспары мен бағдарламасын өзектендіруге қатысып, сарапшы-орындаушы ретінде өз үлесін қосты. Сонымен қатар 07210900 «Балық өңдеуші» біліктілігі бойынша кәсіптік даярлық деңгейін бағалауға арналған тест тапсырмаларын әзірлеуге атсалысты. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтарға арналған арнайы оқу бағдарламаларын дайындау ісінде де тәжірибелі сарапшы ретінде консультациялық қызмет көрсетті.
Еңбегі еленіп, Ақмарал Советқызы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Ғани Мұратбаев атындағы медалімен және дипломымен марапатталды. Сондай-ақ «Talap» КЕАҚ-пен бірлесіп, «Балық өндірісі» мамандығы бойынша үлгілік оқу жоспарын әзірлеуге қатысты.
Қазіргі таңда ол техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыстарды әзірлеу мен үйлестіру, білім сапасын арттыру бағытында табысты қызмет атқарып келеді.
Ақмарал Советқызының кәсіби өрлеу жолындағы тынымсыз еңбегі нағыз еңбек адамына тән қасиет. Осы уақытқа дейін талай тындырымды істің ұйытқысы болуымен танылып, ұжымда жауапкершілігі мол маман екендігін дәлелдеді және әрі қарай да дәлелдей береді.