ТЕМІР АУДАНДЫҚ ҰЙЫМЫ ЕСЕП БЕРДІ
Темір ауданында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жылдық есеп беру жиыны өтті. Маңызды басқосуда өткен жылы атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Іс-шараға 200-ден астам кәсіподақ мүшесі, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері мен Салалық кәсіподақ өкілі Индира Сақауова қатысты.
Басқосуда Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова облыстық кәсіподақтың өткен жылғы қызмет нәтижелеріне кеңінен тоқталды. Ол кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары ретінде әлеуметтік әріптестікті нығайту, педагогтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, сондай-ақ кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін құқықтық көмектің маңызын атап өтті. Сонымен қатар жиында облыстық кәсіподақ ұйымына түскен мүшелік жарналардың жұмсалуы жөнінде есеп берілді. Қаржының басым бөлігі кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге, сауықтыру және демалыс шараларын ұйымдастыруға бағытталғаны айтылды.
Айта кетейік, өткен жылы кәсіподақ ұйымы еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп, педагогтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстарды жүзеге асырды. Әсіресе, еңбек қатынастарында туындайтын мәселелердің алдын алу, қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы шаралар күшейтілген.
Бүгінгі басқосуда Темір ауданының бірқатар үздік педагогтары мен кәсіподақ белсенділеріне облыстық ұйымның марапаттары мен шипажайға жолдамалар табысталды.
Есеп беру жиынынан кейін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, кәсіподақ мүшелері және келісу комиссиясының мүшелері үшін «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинар барысында еңбек дауларын алдын алу, әлеуметтік әріптестік тетіктерін жетілдіру бағытындағы тәжірибелер мен нақты мысалдар талқыланды. Облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістерге тоқталып, білім беру ұйымдарында жиі кездесетін еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді көтерді.
Семинарда білім қызметкерлері сала өкілдеріне көкейкесті сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша кәсіподақ ұйымының алдағы кезеңде де педагогтардың еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратыны атап өтілді.
-
Фотографии
-