ЕҢБЕКПЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ БОЛҒАН ЖАН
Нокина Айгүл Болысбекқызы — өз өмірін адал еңбекке арнаған, көпшілікке үлгі боларлық жан. Ол 1994 жылдан бастап Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясында еден жуушы қызметін атқарып, өз ісіне әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарап келеді. Ұзақ жылдар бойы білім ордасының тазалығы мен тәртібін сақтауға аянбай еңбек етіп, ұжымның сеніміне ие болды.
Айгүл Болысбекқызы күнделікті еңбегі көзге көріне бермегенімен, мектептің жайлы әрі таза ортада жұмыс істеуіне қосқан үлесі орасан. Ол өз міндетін адал атқарып қана қоймай, тазалық пен ұқыптылықты басты қағидасы етіп келеді. Осындай табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында әріптестері арасында зор құрметке ие.
2019 жылдан бастап Айгүл Болысбекқызы вахтер (қарауыл) қызметіне ауыстырылды. Бұл қызметте де ол өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты орындап, еңбек тәртібін қатаң сақтайтын, сенімді қызметкер ретінде танылып келеді. Мектеп қауіпсіздігі мен тәртібіне жауапты бола отырып, әрбір іске мұқият қарап, жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетуде.
Еңбек жолындағы жауапкершілік пен ұқыптылық Айгүл Болысбекқызы өмірлік ұстанымымен үндес. Ол тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар отбасының ұйытқысы, немерелерінің сүйікті әжесі. Мейірімділігі мен қамқорлығы арқылы отбасының берекесін арттырып, жас ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген асыл жан.
Осындай адал еңбегі, қарапайымдылығы мен адамгершілік қасиеттері Айгүл Болысбекқызы көпке үлгі боларлық тұлға ретінде танытады. Оның өмір жолы — еңбекпен ел құрметіне бөленудің айқын көрінісі.
Қарағанды облыстық ұйымы