ПАРАСАТ БИІГІНДЕГІ ҰСТАЗ
Ұстаз – адам бағдарын жасаушы, шәкірттің жүрегіне нұрын себетін аяулы тұлға. Сондай аяулы ұстаздардың бірі – Сералиева Марта Қарсыбайқызы. Ол Маңғыстау облысы білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің №20 «М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ география пәнінің мұғалімі, 35 жылғы еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші. Педагог әр сабақта оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытады, табиғатты сезінуге және сүюге үйретеді. «Мен үшін оқушыларымның сабақта сұрақтарға қорықпай жауап беретіндігі және өз сұрақтарын қоя білетіндігі маңызды» – дейді Марта Қарсыбайқызы. Оның оқушылары жобалық және зерттеу жұмыстарымен айналысып, қалалық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болуда.
Марта Қарсыбайқызы әрдайым оқушылармен, ата-аналармен және әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста. Оның сабырлылығы, ақыл-ойы оқушылар мен әріптестер арасында зор құрметке ие. Марта ұстаз шығармашылық ойларға, қызықты идеяларға толы және өз ісіне, шәкірттеріне деген махаббаты шексіз. Ол педагогикалық және әдістемелік шеберлікті жақсы меңгерген, балалардың психологиясын түсінетін тамаша мұғалім.
Марта Қарсыбайқызының шәкірттері «Зерде» ғылыми жоба байқауынан соңғы 5 жылда үзбей жүлделі орындар иеленіп келеді. Сонымен қатар белгілі ғалым, мифолог, өлкетанушы, этнограф Серікбол Қондыбайұлының 55 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық ғылыми-тәжірибелік көнференцияда баяндама оқып, Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысының Алғыс хатын алған болатын. Ұлағатты ұстазға шығармашылық шабыт, толайым табыс тілейміз.
А.Қалымова,
Ақтау қаласындағы №20 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.