КӘСІПОДАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ИНСПЕКТОРЛАРЫНЫҢ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті Атқару комитетінің отырысы өтті. Жиынға Тараз қалалық, аудандық филиал жетекшілері, құқықтық еңбек инспекторлары мен құрылымдық бөлім жетекшілері қатысты.
Жиынды ашқан Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындысына тоқталды. Онда атқару комитетінің жыл ішінде атқарған жұмысы сараланып, жетістіктері аталып, кемшіліктермен жұмыс істеу тапсырылды, ескертпелер мен ұсыныстар айтылды.
Күн тәртібіне қойылған құқықтық еңбек инспекторларының кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғау жұмыстары бойынша Меркі мен Байзақ аудандарының есебі тыңдалды. Меркі ауданы бойынша құқықтық инспектор Светлана Ержанованың тарапынан 53 тексеру жүргізіліп, 691 құқықтық кеңес берілген. Байзақ ауданында да бұл бағытта атқарылған жұмыс көп.
Аймақтық құқықтық инспектор Ләззат Айтқұлова өткен жылы еңбек заңдылығының сақталуы бойынша 77 бақылау-тексеру іс-шарасын жүргізіп, еңбек заңнамасы талаптарының 90 бұзушылық жағдайын анықтаған. Жұмыс берушілерге 51 нұсқама мен ұсыныс беріліп, 24 жауап алынған. Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелеріне 1116 құқықтық көмек көрсетілген. Сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мақсатында 7 сот отырысында өкілдік етіп, 2 касациялық сот отырысына қатысқан.
Сондай-ақ, жиында қаржылық және салықтық есеп саясаты қызу талқыланып, алдағы міндеттер мен бағыттар қаралды. Сонымен қатар алдағы сауықтыру шараларын ұйымдастыру, құқықтық қызмет пен құқықтық инспекторлардың жұмысын жетілдіру мәселесі талқыланды.
Алқа отырысының қорытындысында жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Ұжымдық шарт нормаларының орындалуында көп нәтижеге қол жеткізілгенін, әлі де алда атқарылар жұмыстың көп екеніне тоқталды.
– Біздің тараптан мұғалімдер мен педагог емес қызметкерлердің құқықтарының қорғалуы, үстеме ақы мен жалақыны уақтылы алуы үшін Ұжымдық шарт негізінде көп жұмыс атқарылды.
Аймақтық құқықтық инспекторлардың жұмысының нәтижесінде біз есепшілердің құқығын сот отырысында қорғап қалдық. Барлық санаттағы білім қызметкерлері Ұжымдық шартта көзделген нормалардың игілігін көруде.
Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істеуге тиіспіз, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын барысында басқа да күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды. Отырыс соңында республикалық «Кәсіподақтың үздік құқықтық инспекторы» конкурсының жеңімпаздарына Алғыс хат тапсырылды.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-