ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қызылордада Шиелі аудандық кәсіподақ комитетінің жаныңдағы Жастар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Күн тәртібінде аудандық Жастар кеңесінің төрағасы Н.Сапахова атқарған жұмыстары бойынша есеп беріп, кеңестің 2019-2025 жылдар аралығында жүзеге асырған бастамалары мен жастарды қолдау бағытындағы жобаларына тоқталды.
Сонымен қатар облыстық Жастар кеңесінің атқарған жұмыстары туралы облыстық кеңес төрағасы А.Мамбетов баяндама жасап, алдағы жоспарлар мен басым бағыттарды атап өтті.
Н.Сапахованың атқарған еңбегіне жоғары баға беріліп, облыстық кәсіподақ ұйымы атынан арнайы Алғыс хат табысталды. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жиын барысында аудандық Жастар кеңесінің жаңа төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Кеңес мүшелері Н.Өтеуовтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, аудандық Жастар кеңесінің жаңа төрағасы болып сайланды.
Аудан жастарының ұйымшылдығы мен белсенділігі – ортақ мақсатқа бастайтын маңызды күш. Алдағы уақытта да Жастар кеңесі жаңа бастамалар мен нәтижелі жобаларды жүзеге асырады деген сенім мол.
-
Фотографии
-