ЕҢБЕК АДАМЫ
Еңбегімен ел құрметіне бөленген жандардың бірі – Ақтөбе облысы Шалқар ауданы №2 мектеп-гимназиясының география пәні мұғалімі Тайлыбекова Құралай Амангелдіқызы.
Құралай Тайлыбекова 1968 жылы 5 қарашада Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында дүниеге келген. 1986 жылы мектепті тәмамдап, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түсіп, 1991 жылы жоғары білім алды. 1992 жылдан бері Шалқар ауданындағы №2 мектеп-гимназияда үздіксіз еңбек етіп келеді.
Ұстаз еңбегі шәкірт жетістігімен өлшенеді. Жетекшілік еткен сыныптан төрт оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болды.
Құралай Тайлыбекова кәсіби қызметінде бірқатар облыстық және республикалық байқауларда жоғары нәтиже көрсетті. «Ең үздік облыс мұғалімі» (2008), «Үздік география пәні оқытушысы» (2018), «Үздік педагог» (2020), «Жасыл Қазақстан: Қазақстанның үздік экологиялық жобасы» (2020), «Үздік сабақ жоспары» (2023), «Үздік ашық сабақ» (2024), «Педстарт» (2025) байқауларында жүлделі орындарға ие болды.
Ғылыми-әдістемелік бағытта да белсенді. Республикалық, халықаралық конференцияларда баяндамалар жасап, еңбектері жарияланған. 2019 жылы «Географиядан сарамандық жұмыстар жинағы» әдістемелік құралы жарық көрді. 2024 жылы «Түркі әлемі» I халықаралық конгресінде зерттеу жұмысы халықаралық жинаққа енді.
2021 жылы «Үздік 100 автор – 2021» жобасында I дәрежелі дипломмен марапатталды. 2022 жылы Географиядан республикалық атаулы мектептің төсбелгісіне ие болды. 2020, 2023, 2025 жылдары облыстық білім басқармасы мен аудан әкімдігі тарапынан Алғыс хаттар және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Тайлыбекова Құралай Амангелдіқызы– саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, еңбегімен танылған білікті ұстаз.
-
Фотографии
-