ҮЗДІК СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ АНЫҚТАЛДЫ
Ақтөбеде Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен «Үздік сынып жетекші» аудандық байқауы өтті. Бұл игі шара сынып жетекшілерінің кәсіби шеберлігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Байқау барысында қатысушылар тәрбие жұмысындағы жаңашыл бағыттары мен тың идеяларын ортаға салды. Әр педагог шәкірт тәрбиесіндегі шығармашылық ізденісі мен ұйымдастырушылық қабілетін танытып, заманауи тәсілдерді тиімді қолдана білетінін көрсетті. Сынып жетекшісінің еңбегі тек білім берумен шектелмей, оқушының тұлғалық қалыптасуына бағытталатыны тағы бір мәрте айқындалды.
Қазылар алқасының шешімімен Сарыжар жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Гүлден Ақмамбетова І орынды иеленді. ІІ орын Хлебодаровка жалпы орта білім беретін мектебінің ұстазы Әйгерім Көздібаеваға бұйырды. Ал ІІІ орынды №3 Мәртөк жалпы орта білім беретін мектебінің сынып жетекшісі Даража Әбдіқадыр қанжығасына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан ақшалай сыйақы сертификаттары табысталып, білім бөлімінің алғыс хаттары берілді.
Аудан көлемінде өткен бұл байқау ұстаз мәртебесін көтеріп, тәрбие жұмысын жүйелі жүргізіп жүрген педагогтердің еңбегін бағалауға жол ашты.
-
Фотографии
-