БАЙҒАНИН АУДАНДЫҚ ҰЙЫМЫ ТӨРАҒАСЫ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
«Қалың қалай, бастауыш?» жобасы аясында Ақтөбе облысының Байғанин аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Мұрат Жамаладин аудан орталығындағы бірқатар білім беру ұйымдарында болып, кәсіподақ мүшелерімен кездесті.
Жоба аясында Қарауылкелді орта мектебі, №2 Қарауылкелді орта мектебі, №3 Қарауылкелді орта мектебі, сондай-ақ “Қарауылкелді” бөбекжай балабақшасы мен “Рауан” бөбекжай балабақшасы ұжымдарымен жүздесулер өтті. Кездесулер барысында еңбек қатынастарының заң талаптарына сай рәсімделуі, ұжымдық шарттың орындалуы, жұмыс және демалыс уақыты, сауықтыру, әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Кәсіподақ мүшелері ашық форматтағы пікір алмасуда өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін білдірді. Әсіресе педагогтардың кәсіби жүктемесі, қосымша төлемдер, еңбек демалысын ұйымдастыру, әлеуметтік әріптестік аясындағы өзара іс-қимыл бағыттары сөз болды. Ұйым төрағасы әрбір мәселе кәсіподақ назарында екенін атап өтіп, құқықтық кеңес беріп, нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін үйлестіру және құжаттамалық жұмыстарын жүйелеу бағытында әдістемелік қолдау жасалды.
Жоба аясындағы қоғамдық бақылау – тек тексеру емес, ең алдымен түсіндіру мен қолдау алаңы екені айтылды. Кәсіподақ – қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір. Сондықтан еңбек адамының құқығын қорғау, әділдік пен заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету – ұйым қызметінің негізгі басымдығы.
Айта кетейік, кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта педагогтармен тығыз байланыс орнатып, олардың кәсіби мүдделері мен әлеуметтік құқықтарының қорғалуына тұрақты түрде қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.
-
Фотографии
-