АДАЛ ЕҢБЕК – АБЫРОЙ БИІГІ
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Көктас ауылындағы №4 мектепте 2001 жылдан бері түрлі қызмет атқарып келе жатқан Дәулетбаева Камшат Елеуканқызы – адал еңбегімен ұжым құрметіне бөленген жан. Жылдар бойы мектептің тыныс-тіршілігіне белсене араласып, қай қызметте болса да жауапкершілік пен ұқыптылықтың үлгісін көрсете білді. Еңбек жолының әр кезеңі – тәжірибе мен шыңдалу мектебі. Ал 2017 жылдан бастап мектеп жанынан ашылған «Балдырған» шағын орталығында тәрбиеші қызметін атқарып келеді. Бұл – үлкен сенім мен жүрек жылуын талап ететін қасиетті міндет. Тәрбиеші болу – баланың алғашқы қадамына куә болып, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ету деген сөз. Камшат Елеуканқызы әр бүлдіршінге аналық мейіріммен қарап, олардың бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіріп келеді. Оның жылы сөзі мен шынайы қамқорлығы балалардың балғын жүрегіне сенім ұялатады.
«Балдырған» шағын орталығы – кішкентайлардың үлкен өмірге бастар алғашқы баспалдағы. Ал сол баспалдақтың берік болуы – тәрбиешінің еңбегіне байланысты. Камшат Елеуканқызының төзімі мен кәсіби шеберлігі, мейірімі мен жауапкершілігі – осы істің берік негізі. Жылдар бойғы тынымсыз еңбек, адал қызмет – үлкен құрметке лайық. Оның еңбегі – уақыт өткен сайын бағасы арта түсетін асыл қазына. Осындай жандар барда ауыл мектебі де, шағын орталық та жылылық пен сенімге толы болмақ.
Камшат Елеуканқызы – қарапайымдылығымен биік, еңбегімен қадірлі, жүрегімен құрметке ие жан.