ДИРЕКТОРЛАРДЫҢ СПОРТТЫҚ САЙЫСЫ
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының білім саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – кәсіподақ ұйымдастырған мектеп директорлары арасындағы спорттық сайыс, көпшіліктің назарын аударды. Бұл бәсеке тек спорттық шеберлікті ғана емес, сонымен қатар ұжымдағы бірлікті, лидерлік қасиеттерді және бәсекеге қабілеттілікті айқындауға бағытталды. Әртүрлі жастағы, тәжірибелі әрі жас директорлардан құрылған төрт команданың қатысуы, сайыстың ауқымды әрі қызықты өтуіне себепкер болды.
Сайыс барысында жастар тобы ерекше белсенділік танытып, алға шыққанымен, аға буын өкілдері де тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің жоғары екенін көрсетті. Қатысушылар түрлі кезеңдерде тапқырлық, ұйымшылдық және шығармашылық қабілеттерін паш етті.
Нәтижесінде жүлделі бірінші, екінші және үшінші орын иеленген командаларға марапаттау мен ақшалай сый табысталды. Сонымен қатар, ойын барысында ерекше өнер көрсеткен қатысушыларға бағалы сыйлықтар беріліп, олардың еңбегі жоғары бағаланды.
Мектеп директорлары арасындағы мұндай спорттық-бұқаралық шаралар, тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, сонымен қатар ұжымдағы достық пен ынтымақтастықты күшейтуге, жаңа идеялар мен тәжірибелермен алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Бұл, әрине, білім беру саласының дамуына оң ықпал ететін маңызды қадам болып табылады.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы
#ШҚОбілімкәсіподағы