ОЙЫЛ ЖАСТАРЫ БІЛІМГЕ ЖАҢА БАҒЫТ ҰСЫНДЫ
Ақтөбеде Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы жанынан құрылған Жастар кеңесінің бастамасымен «Жас маман – жаңа леп» тақырыбында жас ұстаздар форумы ұйымдастырылды. Форумның негізгі мақсаты – жас мамандарға жан-жақты қолдау көрсету, заманауи білім беру үдерісінде тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағытындағы озық тәжірибелерді насихаттау болды.
Жиынға аудан әкімі Асқар Қазыбаев, аудан әкімінің орынбасары Саян Сапаров, аудандық мәслихат төрағасы Сәкен Ғазизұлы, ішкі саясат, мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзат Жеткергенқызы, сондай-ақ аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Гүлмира Избағамбетова қатысып, жас ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді. Олар өз сөздерінде білім сапасын арттыру жолында жас педагогтардың рөлі айрықша екенін атап өтіп, шығармашылық ізденіс пен кәсіби дамудың маңыздылығына тоқталды.
Форумға қатысушы жастар авторлық жобаларын таныстырып, білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын қолдану тәжірибесін көрсетті. Сонымен қатар тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, еркін форматта пікір алмасты. Бұл алаң жас ұстаздардың өзара тәжірибе бөлісіп, жаңа идеялар қалыптастыруына мүмкіндік берді.
Шара аясында озық тәжірибесімен көзге түскен бірқатар жас педагог аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы мен білім бөлімінің Алғыс хаттарымен және сыйлықтарымен марапатталды. Тағылымды басқосу соңы Кәсіподақ гимнімен қорытындыланып, ұйымшылдық пен бірліктің айқын көрінісіне айналды.
-
Фотографии
-