КЕЛІСУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚЫТУ БАЯНАУЫЛДА ӨТТІ
26 ақпанда Павлодар облыстық ұйымы Баянауыл ауданы білім бөлімінің Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің базасында еңбек даулары жөніндегі келісу комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарын өткізді.
Семинарға облыстық ұйымы төрағасы Науразбаева Гүлбарам Әуезханқызы, еңбек заңнамасы бойынша сарапшы Қабжамитов Марат Тлеубергенұлы, қоғамдық бірлестіктің құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Жәркенова Гүлшат Ораловна қатысты.
Семинар модераторы Гүлбарам Әуезханқызы жаңа Конституция жобасы аясында адам еңбегі мемлекеттің негізі болып табылатынын, ал адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең жоғары құндылық екендігін ерекше атап өтті.
Еңбек ету құқығы, әділ еңбекақы алу және кемсітушілікке жол бермеу – конституциялық норма ретінде бекітіледі. Конституция жобасында еңбек – құқық әрі құндылық, ал қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы – мемлекеттің міндеті ретінде айқындалған. Әрбір адам еңбек етуге, мамандығын еркін таңдауға және қауіпсіз еңбек жағдайына құқылы. Кәсіподақтар үшін еңбек құқығының Конституция деңгейінде бекітілуі аса маңызды. Бұл норма қызметкерлерді қорғауда қуатты құқықтық негіз болып, жұмыс берушімен туындайтын дауларда олардың ұстанымын нығайтады.
Келісу комиссиясы – қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы сындарлы диалог алаңы. Оның басты мақсаты – даулы мәселелерді қолданыстағы заңнама шеңберінде қарап, істі сотқа жеткізбей өзара тиімді шешім табу.
Сондай-ақ модератор келесі мәселелерге тоқталды:
міндетті оқыту: кәсіподақ ұйымдарындағы комиссия мүшелері жыл сайын Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөз жүргізу дағдыларын дамыту және консенсус табу бойынша оқытудан өтуге міндетті;
комиссия мәртебесі: келісу комиссиясы – әрбір ұйымда тұрақты жұмыс істейтін орган.
Келісу комиссиясы мүшелерінің жұмыс алгоритмін, жеке еңбек дауларын қарау тәртібін, комиссия шешімдерін рәсімдеуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ тұрақты әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастырудағы әлеуметтік әріптестік пен диалогтың рөлін спикер Қабжамитов Марат Тлеубергенұлы өз баяндамасында жан-жақты түсіндірді.
«Құқықтық негіздерді білу және сындарлы диалог жүргізе білу – еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықтың кепілі», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
-
Фотографии
-