ЖАС КЕЛСЕ — ІСКЕ
Жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасуына үлес қосып жүрген жас мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Сондай талапты ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы Сағашилі жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Батырбек Әділбек Бердібекұлы.
Батырбек Әділбек Бердібекұлы 2000 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ақкемер жалпы білім беретін орта мектепті тәмамдаған соң, 2021 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға түсіп, 2023 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын қызыл дипломмен аяқтады. 2024 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында еңбек жолын бастап, бүгінде ауыл мектебінде ұстаздық қызмет атқарып келеді.
Алғашқы еңбек жылында-ақ жас маман кәсіби біліктілігімен көзге түсті. Ол «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасының аудандық және облыстық кезеңдерінде І орынды иеленіп, Алматы қаласында өткен республикалық кезеңде грамотамен марапатталды. Сонымен қатар Астана қаласында ұйымдастырылған «Жас ұстаз – табысқа апарар жол» республикалық форумына қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Ұстаз тек сабақ берумен шектелмей, авторлық жобалар әзірлеп, олардың аудандық, облыстық деңгейде қолданысқа енуіне ықпал етті. Қазіргі таңда бұл жобалар бірқатар білім беру ұйымдарының тәжірибесінде пайдаланылып отыр.
Әділбек Батырбектің шәкірттері де түрлі білім бәйгелерінде жоғары нәтижелер көрсетуде. Пәндік олимпиадаларда аудандық, облыстық кезеңдерге жолдама алып, жүлделі орындарға ие болды. Ғылыми жобалар байқауында да табысқа жетіп, тамыз конференциясында таныстырылған жұмыстар аудан әкімінің қолдауына ие болды. Нәтижесінде жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.
«Жас келсе – іске» деген халық даналығы жас ұстаздың өмірлік ұстанымымен үндеседі. Ізденіс пен еңбекті серік еткен Батырбек Әділбек Бердібекұлы білім саласында табандылық танытып, жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беруге үлес қосып келеді. Оның жаңашылдығы мен жауапкершілігі ел болашағына қызмет етудің айқын көрінісі.
-
Фотографии
-