ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ҮЛГІ
Қоғам дамуы еңбекқор, жауапкершілігі жоғары азаматтардың табанды ісінің нәтижесінде болады. Білім саласында да, қоғамдық өмірде де белсенділігімен танылған, ел бірлігіне үлес қосып жүрген сондай тұлғалардың бірі – Идыбо Айша Люшировна.
Айша Люшировна Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Cортөбе ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1989 жылы мұғалім болып бастап, ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнап келеді. 1995 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, 2017 жылы И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінде жоғары білім алды.
Айша Люшировна 2002-2013 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, жас ұрпақтың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған тәрбие жүйесін енгізді. Оның жетекшілігімен оқушылар облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегері атанды. Ал 2014 жылдан бастап «Бүлдіршін» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Алғаш ашылған кезде ауласында бірде-бір ағаш болмаған балабақша аумағына бүгінде мыңнан астам ағаш отырғызылып, жасыл желекке айналды. Бұл басшының табандылығы мен болашақ ұрпақ денсаулығына деген жанашырлығының айқын дәлелі.
Өзінің осынау 35 жылдық еңбек жолында Айша тек ұстаз ғана емес, білікті ұйымдастырушы, жаңашыл басшы, қоғам белсендісі ретінде танылды. 2018 жылдан бастап Жамбыл облыстық дүнген этномәдени «Вынхуа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қордай аудандық мәслихатының депутаты. Оның бастамасымен мұқтаж отбасыларға үйлер салынып, гуманитарлық көмектер ұйымдастырылды. Пандемия жылдары, табиғи апаттар кезінде Айша Идыбо қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетті. Жыл сайын жеке қаражатынан да қайырымдылық көмек жасап тұрады.
Елге жасаған осынау еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға да ие болды. Атап айтқанда, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медальдары, Президенттің Алғыс хаты және басқа да көптеген Құрмет грамоталары оның табанды еңбегінің жемісі.
Айша Люшировна үш баланың анасы, аяулы жар. Ол үшін еңбек тек қызмет емес, өмірлік ұстаным. Осындай адал еңбегімен елге үлгі болып жүрген тұлғалар бүгінгі қоғамның шынайы байлығы. Олардың өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болары сөзсіз.
Қордай аудандық филиалы